Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАРИХЫ ТЕРЕҢ «ТАЛДЫКӨЛ»

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ «ТАЛДЫКӨЛ»


«Туған жерге туыңды тік!» - деген дана халқымыз. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни, кез-келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек. Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Иә, еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Бағдарламасының мәні де осында.
Сырдария ауданы, А.Тоқмағамбетов ауылы аумағындағы сырға тұнған тарихы бар «Талдыкөл» өңіріне жолға шықтық. Жолбасшымыз – осы Асқар ауылының азаматы Тұрсынбек Сұлтанұлы. Ол көп жыл маңдайынан жел қаққан, жотасынан тер аққан мүйіз алақан, сірі саусақ жылқышы болған зерделі жігіт ағасы.
– Қазіргі күні ауылда ата кәсіпке бет бұрып, мал шаруашылығымен айналысып, жылқы басын көбейтіп жатқан тұрғындар баршылық. Ал, Одақ кезінде шаруашылықта қылқұйрықтың саны аз болды, қасқыр тартса білініп қалатын. Қазір, өрістен құлын-тайды қасқыр жесе, жоғалдыға санап, қоя салады иелері. Мал көп болғасын әрқайсысының бірді-екілі шығыны еленбейді. Ал, қасқыр көбейсе қиын болады. Бұрнағы жылы солай болды. Жігіттер қолқа салғасын қақпан құрдым. Қасқыр қақпанмен 7 түз тағысын тұзаққа түсірдім. Мұнан кейін оның беті қайтқандай болған. Дегенмен, биыл ит-құстың көбейгені байқалады. Сондықтан сақтық шараларын алуымыз керек, – дейді Тұрсыекең. Кәнігі құрығы құтты жылқышы ауылдастарында мал басын көбеюіне осылайша тілектестігін білдіреді.

Жолбасшымыз рөлін ұршықша үйірген, желмен жарысқан УАЗ көлігімен өзіміз бағыт ұстаған «Талдыкөлге» біршама уақыттан кейін жеттік. Жағасы талмен көмкерілген көлдің орны ғана жатыр. Табанында су жоқ. Қайдан болсын, сұлу Сыр бұрынғыдай толып ағып жатқан жоқ. Ата-бабаларымыз кезінде қолмен қазған «Талдыкөлге» таяу «Онділдә» атты өзек бар. Ділдәнің алтын ақша екені белгілі. Яғни бұл «Алтын өзек» деген сөз.
Кезінде ХҮІІІ партсъез атындағы шаруашылықта көп жыл бас гид¬ротехник болған Бижан Арысбаев «Онділдә» арқылы «Талдыкөлді» суға толтырған екен. Осы өзек бойында даңқты күрішші-механизатор Рыс¬ты Өкшебаева бастаған он қыз бітік егін өсіріп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бүкіл елімізге он сегіздің атағын шығарды. «Онділдә» осындай қасиетті жер.
«Талдыкөлге» таяу биік жерлердің біріне шығып, шығысқа тура қарасаң шоқ талдар көрінеді. Бұл бұрынғы «Қараөзек» кеңшарының №2 фермасының орталығы болған «Ақиін» бөлімшесі. Балдәурен балалығымыз өткен жер ғой. Көзге ыстық көрінеді. Ол бір ұлы дария толып ағып, өзенмен ақ шағала кемелер жүзетін уақыт еді. Бөлімше орталығы аршыған жұмыртқадай әдемі, шағын ауыл болатын.
Біз тұрған төбеден сол жағымызда қолсозым жерде ақиық ақын Асқардың әкесі Тоқмағамбеттің бейіті тұр. Осыған байланысты жарты ғасырға жуық уақыт бұрын өткен оқиғалар көз алдымнан тізбектеліп өтті. Дәлірек айтқанда бұдан 45-46 жыл бұрын Асқар Тоқмағамбетов Талдыкөлге жерленген әкесінің басына қыштан күмбез кесене тұрғызды.
Үлкендерден естуімізше тасмешін – ашаршылықтың алдында 75 жасында қайтыс болған қарияның қабірін қырық жылдан кейін табу оңай болмапты. Тоқмағамбет Тоқтышақұлын соңғы сапарға шығарып салғанда басына жиде қазықтан белгі қойған екен. Сол қазық еске түсіп, аталас ағайыны менің атам Нұрсейіт ақиық ақын әкесінің мәңгілік мекенін тауып беріпті. Күмбез тұрғызған жергілікті ұсталар еді. Әке алдындағы парызын өтеп, көңілі бірленген Асекең сол кезде облыстық «Ленин жолы» газетіне «Жиде қазық», «Жағал, Қалас ұсталар», тағы басқа топтама өлеңдерін жариялады.
Тоқмағамбет атамыздың басына барып, құран бағыштадық. Күмбезді кесене арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, бір кірпіші сетінемей, сапалы сақталған. Негізінен «Талдыкөл» қасиетті мекен, киелі өлке. Тоқмағамбет Тоқтышақұлы бейітінің іргесінде дін ғұламасы Нұран қожаның мешіт-медресесінің ізі және Қарақойлы руының қорымы орналасқан.
Осында ұлы жүзге би болған Жылқыбай бабамыздың да сүйегі жатыр. Нұран қожа мешіті шығыс үлгісінде салынған. Кесектен тұрғызылған кесене уақыт ағымына төтеп бере алмай, жартылай құлаған. Бірақ, «сыры кетсе де сыны кетпеген». Талай жылғы дауыл мен жауыннан аман қалған, бір қабырғасының төбесінде өрнектері әлі де сақталған. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланылған мешіттің үстел орнына қолданылған қабырғаға жасалған кітап қоятын сөрелері де сол қалпында.
Мұнан соң «Онділдәні» жағалап, атақты Басқынбайдың қыстауына бардық. Ол әрі бай, әрі мырза болған адам. Басқынбай – қызыл империя бізге құбыжық етіп көрсетіп кеткен шынжыр балақ, шұбар төс емес, өз еңбегімен байыған адам. Малдан бөлек ауласына жеміс-жидек еккен. Аумағы ат шаптырым бақтың орны күні бүгінге дейін сақталған. Білетіндердің айтуынша, қазаны оттан түспейтін үйдің келімді-кетімді кісілері жомарт жанның пейіліне риза болып аттанады екен.
Мәрт Басқынбай кезінде Әділет министрі болған Бекайдар Жүсіповтың үлкен аталары. Бекеңнің де балдәурен балалығы осы өңірде өткен. Талдыкөлден әрі жүрсек, «Көзіме ыстық көрінеді, кешегі мыртық Зортөбем», – деп Асқар ақын жырға қосқан «Зортөбе» аумағы басталады.
Бір ерекше айта кететін жәйт, «Талдыкөлден» бір-екі шақырым жерде аудан орталығы Тереңөзекке көгілдір отын жеткізетін газ құбырын төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Көптеген техникалар осы маңға топтастырылған.
Елбасының қолдауымен киелі жер арқылы өтіп жатқан газ магистралі келешекте аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететіні шүбәсіз.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ,
Сырдария ауданы
05 шілде 2018 ж. 927 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области