ОБЛЫСТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДА ӨСІМ БАР
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз конференциясын өткізді. Онда сала басшысы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Елбасы жыл сайынғы Жолдауында Қазақстан халықының әлеуметтік және экономикалық даму бағытына ерекше мән береді. Президенттің соңғы үндеуі қай салаға да болмасын үлкен серпін бергендігі айқын байқалады. Түрлі саланы қамтыған 10 бағыт бойынша мемлекеттің одан әрі өркендеуі үшін тиісті тапсырмалар берілген. Аталған міндеттер аясында біздің аймақта ілкімді істер атқарылған. Сала басшысы солардың әрқайсысына ерекше тоқталып, сандарды сөйлетті.
«2018 жылдың қаңтар-маусымында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша өсу байқалды. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2017 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 100,5 пайызды құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,9 пайызға ұлғайды. Облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 87 049 млн теңгені құрады. Нақты индекс көлемі 117,2% - ға өсті. 2018 жылдың қаңтар-маусымында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 228 050 шаршы метрді құрады және тұрғын үй құрылысына 11,5 млрд.теңге жұмсалды. Жолаушылар айналымы 9,1 пайызға өсті».
Сондай-ақ, департамент басшысы Мариям Жәдігерқызы 2019 жылғы Қазақстан Республикасы Ұлттық халық санағын өткізуге байланысты дайындық жұмыстарына да тоқталып өтті.
«Ұлттық халық санағын өткізу уақыты – 2019 жылдың қазан айы болып белгіленді. 2019 жылғы халық санағы алдыңғы өткізілген санақтан айырмашылығы ақпараттық технология қолданылады. Басым көпшілігінде дәстүрлі әдіспен 30%- ғаламтор желісі арқылы және 70%- қолайлы-есептеуіш құрылғы (планшетті компьютер) арқылы өткізілуінде болып отыр», - деді М.Баекеева.