ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН
Қазақ – қызды қонақ деп төрінен орын беріп, қадірлеп өскен халық. Нәзік жандыларды келешек ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі деп сыйлаған. Иә, қашанда нәзік жандыларға құрмет көрсеткен халықпыз.
Қазақ ұрпақтың, қыз баланың тәрбиесіне ерекше назар аударған. «Жетелі қыз жеті ұлға татиды» деп оларды ұлттың бойтұмары мен абыройы, болашағы деп есептейді. Сондықтан бұған аса зор жауапкершілікпен қарап, қаракөз жандарды сырт көзден сақтаған. Оларды биязылыққа, ибалылыққа тәрбиелеген.
Қызды қырық үйден тыйып, қарындасты қастерлейтін халық едік. Бірақ, қазіргі кейбір жағдайлар түрлі ойларға жетелейді. Әлеуметтік желіні парақтап, теледидар тетігін басып қалсаң қазақы қалпымызға, бойымызға, болмысымызға кері кейпін көрсеткен бойжеткендерді көруге болады. Айтпасаң сөз атасы өледі.
Ерте заманда қыз-келіншектердің жұрт алдында ашық-шашық жүруі оғаш көрінетін. Ол уақытта, негізінен, көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей киген. Бүгінгі күні аталған ұлттық киімдерді көбісі біле бермейді.
«Тәрбие – тал бесіктен» дейміз. Қызын сәнге айналған жыртық шалбардан тыйып, қазақи тәрбие беріп отырған аналар азайып барады. Өте өкінішті, әрине. Қыз баланы тәрбиелеуде ананың рөлі зор екендігін естен шығармайық, ағайын.
Әр адамның алдында тұратын негізгі міндетінің бірі – ұрпақ тәрбиелеу. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы борышымыз.
Әлеуметтік желілерге көз жүгіртсек, әлемдік жұлдыздар жайында жан-жақты ақпарат бар. Оған қазақ эстрада жұлдыздарын қосыңыз...
Көрермендерін дауысымен емес, оғаш әдетімен мезі ететін әншілеріміз көбейіп барады.
Осы біз қайда барамыз?....
Е.ҚАЗБЕКОВ