ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАУШЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына қала тұрғынының есірткі тасымалдаумен айналысатыны жөнінде жедел ақпарат келіп түседі.
Аталған хабарламаға сәйкес, Алматы қаласынан Қызылорда қаласына бағыт алған жолаушылар автобусы тоқтатылып, жедел тергеу тобымен тексеру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде автобус жолаушысының сөмкесінен полиэтилен пакетіне салынған ақшыл түсті өзіне тән ерекше иісі бар зат ұнтақтары заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Тағайындалған сараптаманың қорытындысына сәйкес сараптамаға ұсынылған заттың жалпы салмағы 2, 71 гр героин екені анықталды.
Автобус жолаушысы оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Күдікті Қызылорда қаласының 45 жасар жұмыссыз тұрғыны екені анықталды.
Күдікті Жаңақорған аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.