АЛА ТӨБЕТТІҢ АДАЛДЫҒЫ
Ескіден жеткен ел аузындағы бұл әңгімені мен ілгеріде қадірменді қарт, ауыл молдасы, марқұм Бәкір Алтыбасов ағамыздың аузынан естіген едім.
Сырдың бойындағы Жүздібай есімді бай болған. Сол байдың үйіне үзеңгілес інісі Байегіз қона жатуға келіпті. Екеуі аталас болса керек. Байегіз бай қыр жақтағы ағайынға қадірлі қонақ болып қайтқан екен. Ағасына осы сапар жайында түннің бір уағына дейін әңгімелеген Байегіз жатуға ыңғай білдіреді. Ақ мамық төсек үстінде ол дереу ұйықтап қалады. Таң сыз бере оянып кетсе, қасқыр мен иттің қора іргесінде сөйлесіп жатқанын құлағы шалады. «Кез келген адамның бойында жұрт біле бермейтін қасиет болады», делінген шариғат шарттарында. Сондай қасиеттің бірі Байегіздің де бойында бар екен. Оны жалпақ жұрт біле бермесе керек. Алланың берген құдіреті шығар, ол кісі жан-жануар мен ит-құстың тілін түсінген көрінеді.
Ол жатқан орнынан тұрмай қасқыр мен иттің әңгімесіне құлақ салады. Қасқыр итке: «Ей, ит екеуміз түбіміз бір туыс едік ғой. Сен маған иттік істеме. Бір күні менің де саған пайдам тиіп қалар. Мен де бұл жақсылығыңды ұмытпаспын. Ел-жұртты дүрліктіріп, шулатпай-ақ қояйын. Қорадағы қойлардан шығарып бер, алдыма салып ың-шыңсыз алып кетейін. Ана қырдың астында мені ұяластарым күтіп отыр. Осы қойларды алып бармасам, олар күн көрсетпейтін түр бар», - дейді қасқыр.
Ит оның айтқан әңгімесіне көнбейді, оған былай деп жауап қайтарыпты: «Әй, қасқыр, сенің маған туыс екенің рас. Буынсыз жерге пышақ салма. Онсыз да сенің жұртқа көрсететінің кілең зорлық-зомбылық. Бейшара малдың не жазығы бар? Қанша қиылып өтінсең де, мен саған оларды бере алмаймын. Кезінде қожайыныма өмір бақи адал боламын деп ант бергенмін. Оны ешуақытта бұза алмаймын», - депті ит.
Ашуға булыққан қасқыр «Сен сорлы байдың қалған-құтқан жуындысын ішкеніңе мәз болып жүр екенсің ғой. Ол бай сені не істесін? Қазір қорадағы малды мен сыпырып алып кеткен соң, сені егең сол заматында атып тастайды. Айтқанға көнбесең өзің біл», – деп қасқыр шабуыл жасап, малды алып кетеді. Таң ата ел азан-қазан болып қалады.
Таңертең Байегіз ел-жұртпен бірге тұрып, Жүздібайға болған жағдайды баяндайды. Сонда ол Жүздібай ағасына қарап: «Сіздің құтыңыз да, ырысыңыз да ана ала төбетің екен» депті. Үй сыртына жиналған ауыл азаматтарына Байегіз:
– Сендер анау қырдың астына барсаңдар, қасқыр мен иттің арбасып тұрғанын көресіңдер. Екеуі де әбден алысып шаршаған. Сондықтан сендер қасқырдың арт жағынан барыңдар. Ал иттің арт жағынан барсаңдар төбетті қасқыр алып түседі. Қасқыр сендерді көріп артына мойнын бұра бергенде төбет оны алқымынан алады. Осы айтқанымды екі етпеңдер, – деп ел азаматтарын малға жібереді.
Айтқандай-ақ, шуды естіген қасқыр байғұс артына бұрыла бергенде төбет оны алқымнан алып түседі. Сөйтіп, ит жеңіп, көпшілік малды алдына аман-есен алдына салып, ауылға оралыпты.
Онда Жүздібай бай Байегізге:
– Сенің айтқаның дұрыс келді. Қалағаныңды сұра, бүгін ағаң қолыңды қақпайды, - деп мырзалық танытыпты.
Байегіз інісі сонда ойланбастан: – Аға, ала төбетіңізді алам, - депті.
Бай беруге келісіп қол алысады. Сол кезде ит үй іргесінде тұтулы тұрған шиге келіп сарып кетеді. Оны байқап қалған Байегіз иттен бас тартып, шиді алам дейді. Бай оған да келіседі. Шиді ората бергенде, бір жетім қозы шиді жүгіріп келіп жалап кетеді. Байегіз дереу жетім қозыны жерден көтеріп ала бергенде, әлгі қозы құмалақтайды. Сонда байегіз «мен жетім қозына алмаймын», - деп жібере салыпты.
Кетіп бара жатып Байегіз Жүздібайға: «Алла сізге басыңнан таймайтын байлық пен бақыт берген екен. Бүгін соны көзіммен көрдім. Бәрі ұзағыңнан болсын», - деп батасын берген екен.
Ал итті жеті қазынаның біріне теңеуі осыдан болар деп ойлаймын. Сөйткен Жүздібай байдың тұқымы бүгінде мың үйден асып, өсіп-өріп отырған жайы бар.
К.ЕРІМБЕТОВ,
Қызылорда қаласы