«АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ МЕДИАЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛДЫ
Биыл «Медиация туралы» ҚР Заңының қолданысқа енгеніне 7 жыл толып отыр. Елімізде медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастар 2011 жылғы 5 тамызда күшіне енген «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Өткен жылдардың іс тәжірибесі негізінде осы күн «Медиация күні» мәртебесін иеленді.
«Медиация күні» қарсаңында Қызылорда қаласындағы «Бітім» медиация орталығы» «Ашық есік» күнін өткізді. Шара қалалық ішкі саясат бөлімінің жобасы аясында медиация саласы бойынша кеңес беру мақсатында ұйымдастырылды.
Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Уалихан Ибраев ашты.
– Биылғы жылдың 27 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізді, соның нәтижесінде Ассамблея қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуші медиацияны дамытуға ықпал етудің тетігіне айналды, - деді У.Ибраев.
Сондай-ақ, басқосуда №2 Қызылорда қалалық сот судьясы Жакеева Жұлдыз және «Бітім» медиация орталығы» ҚБ төрайымы Бақтыбаева Ләззат ойларын ортаға салды.
Аталған шарада даулы мәселелерде тараптарды өзара келістіру мақсатында «Бітім» медиация орталығы» ҚБ-нің кәсіби медиаторлары келушілерге құқықтық кеңестерін берді. Шара қатысушылары медиация тақырыбында сауалнамалар толтырды.
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы «Достық» үйінде 2016 жылдың 31 наурызында медиация кабинеті ашылған болатын. Нақ сол күні 11 жақты өзара ықпалдасу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Нақты кезеңде мұндағы медиация кабинеті жұмыс жасауда.
Қазіргі таңда облыс көлемінде 57 кәсіби және 615 кәсіби емес медиаторлар тіркелген.
Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі