ТҮЙЕ – ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ
Шиелі өңірінің тарихы күллі Сыр бойының, кеңінен алсақ жалпы қазақ елі, Алты алаш тарихының ажыратылмас бір бөлшегі. Сыр өңіріндегі төскейге төрт түлігін толтырған, жері құнарлы қасиетті мекен.
Нақты кезеңде аталған ауданда Шиелі кенті және 22 ауылдық округте 39 елді мекен бар. Соның ішінде Талаптан ауылдық округін алар болсақ, ойсылқарасын өріске қосып, мал шаруашылығын өркендеткен.
Бала би атанған Бименбеттің туған жері Бала би ауылының өзгелерден бір ерекшелігі – исі бұрқыраған, дәмді шұбат осында. Шиелі халқы шұбат сусынын көбінесе қымыран деп атайды. Шаруа қожалықтары, жеке тұрғындар 10 жерде шұбат дайындап, бір жағы Қызылорда, одан қалды аудан орталығына өткізеді.
Иә, расында жоғары сапалы, экологиялық тұрғыдан таза және бәсекеге қабілетті өнімді яғни, ет, сүт және жүн өндірудің қосымша қоры бар мал шаруашылығының дәстүрлі саласының бірі – түйе шаруашылығы.
Қазақта «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деген сөз бар. Демек, ата-бабамыз түйені қасиетті мал санаған. Сондай-ақ, еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүні киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төресі деуі де тегін емес. Балабилік кәсіпкерлер – Өмір Жүсіпов пен Ғабит Төлегенов түйенің бабын тауып, сүтін Шиелі ауданындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ару Ана» шұбат цехына өткізеді.
Жүзден астам ойсылқараны бағып, атадан мирас болып қалған кәсіпті жалғастырып отырған отырған түйекеш Ө.Жүсіпов: «Түйелер 20 жылға дейін өмір сүреді. Қалың терісі күндізгі қапырықтан және түнгі суықтан қорғануға арналған. Әрбір түрі даму мен дене бітімінің өзіндік ерекшеліктеріне ие. Ересек түйелердің таза салмағы орта есеппен 600-630 келі. тартады, бір түйеден орта есеппен 5 келі жүн қырқылады», – дейді бізбен әңгімесінде.
Ал, қорасындағы 75 түйенің азығы жайында Ғ.Төлегенов: «Жыл бойы түйелер өрісте, жердегі шөппен азықтанады, түйе тікенектер мен жантақтардан басқа да түрлі өсімдіктерді жейді, ал, қыста оларды пішенмен қоректендіреміз. Қатты жемді қорыту түйе үшін сөз емес. Түйені қыста тәулігіне бір рет, жазда екі рет суарады. Олар 10 минут ішінде 13 шелек су ішеді» – деп, тәжірибесімен бөлісті.
Бүгінде кенжелеп қалған түйе өсіру ісіне кез келгеннің батылы бара бермейді. Себебі, қой, сиыр, жылқы сынды төрт түлікке бөлінген қаржылай көмектің ойсылқараға келгенде орайы келмей тұр.
Тіптен, түйе етінің бағасы сиыр етіне қарағанда 200-300 теңгеге арзан болғанымен, сұраныстың аздығы көңіл қынжылтатынын да тілге тиек етті, түйекештер. Төрт түліктің төресі саналған ойсылқараның сүті мен еті емдік қасиетке ие екенін бұрындары ата-бабамыз, бүгінгі таңда ғалымдар да дәлелдеп келеді.
Тіптен, дәрі-дәрмек жасауға болатынын да айтуда. Ауылшаруашылығына серпін берген бағдарламалар аясында отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқыға қора толып, ет, сүт өнімдері де экспортқа шыға бастады. Ендігі кезекте төрт түліктің төресіне қолдау болса келе-келе түйелер де өріс алар еді...
Г.ДҮЙСЕБАЙ,
Шиелі ауданы