ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛШЕКЕН
Құрметті оқырман! Тақырыпты мүмкін басқаша қып алуға болар ма еді, бірақ осы әңгімеге өзек болар кейіпкер – ел сөзін сөйлеп, халықтың бірлігін сақтауға ұмтылған адам. Былайынша айтқанда, ел мен Елшекенді айырып қарау мүмкін емес. Олай дейтінім, бар саналы өмірін жұрт жағдайы мен халық амандығына арнаған абзал ақсақалдың абыройлы ғұмырын санамалап шықпасам да, естігенім мен көргенімді баян еткім келді.
Елшекен жайлы ел не дейді?
Былайғы жұрт Елекең деп құрметтейтін нағашымды біздер көке деп өстік. Көрші-көлем, жасы кішілер солай атады. Сырт көзге сұсты көрінетін сол көкемнің ел біле бермейтін үлгі боларлық сан қасиеті көп. Сонау алыс заманның куәгеріндей, ел қошеметіне бөленген Елшекен Қуанышбаев туралы ел не айтады?
Сырдың төменгі ағысындағы жұпыны көп ауылдың бірі «Ақбөгетте» 1928 жылы дүниеге келген көкем өмір тапшылығын көріп, балалық, жастық шағын ерте қиды. Соғыстың ауыр жүгін бөлісу үшін еңбекке араласты. Табиғатынан зерек, құймақұлақ жас бала соғыс зардабына қарамай оқуын жалғастырды. Ауыртпалыққа қарамай білім жолында сапалы нәтижеге жетті, үздіктер сапынан көрінді. Жиырманың белесінен енді асқан жас жігіт білімін ұстаздықпен жалғастырды. Өзін туған ауыл өміріне, мектептегі оқу-тәрбие жұмысына арнады. Ұйымдастырғыш, болашағы зор, қарымы мол азамат халық көңілінен шыға білді, сенімге ие болды. Әуелі оқу ісінің меңгерушісі, бірер жылдан соң директорлыққа ұсынылды.
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана қазақ. Заман құбылып, қоғамға оң өзгерістер еніп жатты. Жан-жақтағы бақсының құмалағындай шашыла қоныстанған көп ауылдың басы бір жерге біріктірілген. Ауыл ішіне енген мұндай жаңалыққа көкем де үрке қарамай, ел ағаларымен бірге тізе қосып, бұл жолы да білек сыбана, белсене араласты. «Жаңақұрылыс» атанған бұл жұрттың тұрмысын жақсарту, яғни мектеп жаңарту, интернат салу, малшы қауымның балаларын орналастыру сияқты толып жатқан қауырт тіршіліктің басты тұтқасы бола білді, бірінші болып жүрді.
1974 жылы Жаңақұрылыс ауылдық кеңесіне төраға болып сайланып, 1989 жылға дейін үздіксіз ауыл өмірін жақсартуға зор үлес қосты. Еңбек ескерусіз қалмады, бірнеше марапаттауларға ие болып, түрлі сыйлыққа ұсынылды. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Аудандық, сонымен қатар бірнеше ауылдық кеңестерге үздіксіз депутат болып сайланды, абыройлы ел ағасына айналды. Аға буын Елшекен туралы осылай дейді. Бармақтай бақтың өзінен кейде пенде шіркіннің басы айналатыны рас. Көкем қалпын сақтады, ойы бұзылып, ешкімнің алдын орағытып кетпеді. Сол баяғы кішіпейіл қалпында қалды. Мен көрген көкем сондай.
Қазақ тағы айтады, «бейнет түбі – зейнет» деп. Кезінде өмірдің ащы-тұщысын қатар татып, қосағы Құрманбике әжем екеуі сол бейнеттің зейнетін көріп өтті. Он екі бала өсіріп, бағып-қаққан әжем «Батыр ана» атанды. Ал нағашым – «Батыр ата». Соңғысын өзім қосып отырмын, әрине. Ауылдың қорғаны болды десек артық етпес.
Сексеннің сеңгіріне шыққанына қарамастан көкем кезінде егін егіп, бақша салды. Еңсесін тік ұстады. Бойындағы қаруы жігіттен кем емес еді. Еңбек сүйгіш, шаруақор болды. 70 жылдық мерейтойында балалар сыйлаған УАЗ-452 көлігінің рөлін шыр айналдырып, кем-кетігін өзі жөндейтін.
Жамбасы қара жерге тигенше қартаю деген нәрседен каймықпаған қайран менің көкем. Осы мінезі талай жігерсіз жасқа жігер қосқанын білем. Иә, көкем кәрілікті кеудесін тік ұстап өткізді.
Төккен тер текке кетпеді
Қара басын күйттеген шал көп. Сақалы аузына түссе де пәтуа айта алмайтын аталарды көргенде еріксіз егілесің. Елдікке шақырар Елшекендер шынымен азайып бара ма..?
Көкем қайтыс боларынан он жыл бұрын ел жағдайының жақсарғанын көріп кетті. Армансыз кетті. Өзінің ұсынысымен Жаңақұрылыста балабақша, емхана, мектеп құрылысы салынды, ауыз су құбыры жүргізілді, телефон мұнарасы орнатылды. Сөз жоқ осы нысандардың салынуына Елшекеннің дуалы ауыз сөзі, ардагерлік пейіл сеп болды. Әсіресе Қаратерең мен Жаңақұрылыс арасына Көкарал бөгетін салған құрылысшыларға аудан атынан ұсыныс тастап, тас жол құрылысын, көлдердің сағасына су тоспаларын жүргізуде ақсақалдың ақыл-кеңесінің орны бөлек болды. Бұл туралы Қазалы, Арал аудандарын басқарған Айтбай Көшербай былай дейді: «Сол күндері байқағаным, Елшекен аға оптимист екен. «Ғасыр құрылысын» пайдаланып жол салып алу ойына қайдан келді десейші?! Оның азаматтық, елшілік, қоғамшыл ойы маған да түрткі болды. Жол құрылысы ойдағыдай бітіп, пайдалануға берілгенде, ағаның қуанышы қойнына сыймай, жайнаған жүзі менің көз алдымда сол күйі тұр. Лауазымды қызметті абыройлы алып жүруде сол Елшекендей пайымды ағалардың ақыл-кеңесі талай рет демеу болды».
Көкем «су бар жерде тіршілік тоқтамақ емес» дейтін сөзін үнемі айтатын. Әсіресе, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы арқылы келетін «Қара арық» каналы үшін талай жерге барды, табанын тоздырды. Сондағысы халық егін салып, еңбегінің рахатын көрсе деген тілек. Дегеніне жетіп, жас жігіттерді өзі бастап, сол каналдың үңғыл-шұңғылын тазалап, талай жылдан бері су жүрмей, кезенесі кепкен каналды аршыды. Әкім қаралардың мазасын қашырып, су айдатты. Сондай қажырлы құлшыныстың арқасында Жаңақұрылыс халқы тарыдан мол өнім алды, бала-шаға қауын-қарбызға мейлінше тойды. Сол көкем бастап кеткен диқаншылық ауылдағы ағайынның қазіргі кәсібі болып отыр.
Ел ағаларының естелік естелігінде
Шәкірат Дәрмағамбетұлы, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері:
– Иә... Елшекен отты, бұла күшті тасыған қайраткер болатын. 1953 жылы-ақ халық оны қалаулылар қатарына қосты. Шекаралық қоныс болғандықтан ба Жаңақұрылыс бірде Арал, бірде Қазалы аудандарының аумағына беріліп, жетім баланың күйін кешкен уақыты да болды. Кеңшарлық статусын алғанға дейін Қаратерең, Сойғанды, Майдакөл ауылдық кеңестерінің қол астында жүрді. Қуанышбаев болса, осы жергілікті кеңестердің бәріне депутат болып сайланды және халық депутаттары Қазалы аудандық ХVI, ХVIІ, ХVIІІ шақырылымдарында да депутаттық мандатқа ие болды. Осындай үлкен басқосуларда ауылының жоғын жоқтап, мінбеге жұлқына шыға келгенінн талай мәрте куә болдық.
Нәжмадин Мұсабаев, ҚР құрметті құрылысшысы, Арал ауданының құрметті азаматы:
– Әрбір ауылдың, елді мекеннің, ұжымның, шаруашылықтың ішінде сөзіне, іс-қимылына төңірегіндегі адамдар сеніммен қарайтын, сыйлайтын, сөзін жерге қалдырмайтын адамдар болады. Жаңақұрылыс ауылдық округінде сондай адамның бірі де бірегейі Елшекен Қуанышбаев ағам еді.
Құлмырза Тілеуов, Қазалы ауданының құрметі азаматы:
– Мақтағаным емес, мен Жаңақұрылысқа 1984 жылы директор болып барып, 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Елшекеннің талай жақсы істеріне тәнті болдым. Өмірдегі кейбір жағдайларда туған бауырыңнан артық азаматтық қызметін жасады.
Мұстафа Матайұлы, философия ғылымдарының кандитаты, профессор, Қызылорда облысының құрметті азаматы:
– Бұл күнде ортамыздан кетіп, бақи дүниеге аттанған Елшекен Қуанышбаев Қазалы-Арал өңірінде әділдігімен, басшылығымен аты шыққан белгілі адам болды. Мұны сол өңірді мекендеген жұртшылық жақсы біледі. Бар ғұмырын, қажыр-қайратын туған жеріне, халқына, олардың дамып, өсіп-өркендеп, гүлденуіне арнады. Аянбай еңбек етті, беріле еңбек етті. Ауылдың ақылшысы, көпшіліктің ұстазы, заманның белсендісі болды. Ғұмырында атқарған екі қызметі – ұстаздық пен ауылдық кеңес төрағалығын асқан абыроймен мінсіз атқарып, биік беделге ие болды. Ол еңбек етудің шынайы үлгісі бола білді, еңбек арқылы елге танылды. Осындай еліне еңбегі сіңген азаматтың есімін жадымыздан шығармай, ұрпаққа аманат етіп қалдыру игілікті іс болар еді. Кейінгілер біліп жүрсін. Туған жерінде – Қазалы, Арал аудандарында есімін есте қалдыратын жұмыстар атқарылса деген ниет-тілегім бар. Елшекен Қуанышбаев бұған әбден лайық жан. Бұл еңбекке құрмет, елге адал етуге құрмет деп білемін.
Автордан: Жоғарыдағы ел ағалары білдірген лебізден асырып ештеңе айта алмаймыз. Марқұм Мұстафадай аяулы ақсақал айтқандай, ендігі жұмыс екі аудан – Қазалы мен Аралға тең қызмет қылған Елшекенді естен шығармай, кейінгі ұрпақ өз ерім деп үлгі тұтар азаматтық келбетін айшықтау. Туғанына 90 жылдығында екі ауданның атқамінер азаматтары осыны ескерсе деген тілек бар.
Ержан ҚОЖАСОВ