«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: 500 БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының тапсырмасымен еліміздің барлық мешіттерінде "Мектепке жол", "Бір баланы киіндір" республикалық қайырымдылық акциялары өткізілуде.
Осыған орай, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы өтті.
«Хадисте: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» деген. Алда жаңа оқу жылы басталуға жақын. Қазіргі уақытта жүріп жатқан мектепке дайындық науқанында әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, көп балалы, жалғызбасты және қамқоршысынан айрылған аналар балаларының мектепке қажетті құрал-жабдықтарын толығымен қамтамасыз етуге жағдайы жете бермейді. Осы орайда, сіздерге көмегімізді тигізу басты мақсатымыз.»-деді, өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы.
Акцияға өкілдікке қарасты қалалық мешіттер атсалысып, қалалық білім бөлімінен алынған тізім бойынша және «соқырлар ұйымы мүшелері» мен мешіт жамағаттарының балаларын қосқанда 500 балаға оқу-құралдарымен жабдықталған мектеп сумкасы таратылды.
Шарапаты мол сауапты шара аясында көмек алған балаларының жүзіндегі қуанышты көрген ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.