МАЛ БАСЫНДА ӨСІМ БАР
Етті және сүтті тұқымды сиырларды көбейту мемлекеттің ауылшаруашылығы саласындағы басым бағыттарының бірі. Ол үшін «Сыбаға» және «Ырыс» бағдарламалары сәтті жүзеге асты. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға осы жылы жергілікті бюджеттен 2248,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Қызылорда облысында қаржылық жоспарға сәйкес 1 шілдеге 1313,9 млн. теңге субсидия игерілді. Атап айтқанда 983 бас асыл тұқымды ірі қара, 6660 бас қой, 347 бас жылқы малы сатып алынған. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ресми сайтында жарияланды.
Сонымен қатар, 6701 бас аналық сиырды қолдан ұрықтандыруға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру бағыты бойынша 777 бас етке сойылған бұқашық, 72,7 тонна жылқы еті, 35,5 тонна түйе еті және 4484,9 тонна сиыр сүті, 24,6 тонна қымыз, 130,7 тонна шұбат өнімдері субсидияланған. Ағымдағы жылдың 6 айында барлығы 420 шаруашылық субсидияланып отыр.
Мал шаруашылығының өнімді ең көп беретін саласы - ірі қара шаруашылығы. Облыс бойынша бұл салада ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 325,4 мың бас мүйізді ірі қара өсірілген. Сонымен қатар, 713,3 мың бас қой мен ешкі, 130,9 мың бас жылқы, 47,3 мың бас түйе, 2,0 мың бас шошқа және 129,5 мың бас құс өсірілуде. Осының нәтижесінде есепті кезеңде аймақта барлығы 15 751,4 тонна ет (тірі салмақта), 38559,1 тонна сүт және 3363,9 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім тиісінше ет 3,6%-ға, сүт 2,1%-ға және жұмыртқа өндіру 45,8%-ға өскен.