АУДАНДА ІРІ ІРІ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын тампонажды цемент шығару зауыты биылғы жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады.
Брифингте аудан әкімі Әшім Оразбекұлы мәлім еткендей, нақты кезеңде Шиелі ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен жобалық құны 97,2 млрд. теңгенің 2 жобасы жүзеге асырылуда.
Біріншісі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын тампонажды цемент шығару зауыты. Зауыттың жылдық құуаттылығы – 1 млн. тонна. Аталған зауыт осы жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады деп күтілуде.
Екіншісі – «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Айта кетейік, биылғы жылдың 1 жартыжылдығында «Фирма Балауса» ЖШС-гі 259,5 млн теңгені құрайтын 58,4 тонна метованадат аммониясын Ұлыбританияға экспортқа шығарды. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 2,5 млрд. теңгеге қаржыландыру жоспарланған.
Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Шиелі ауданында барлығы 4719 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артып, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субьектілерінің саны 3737-ке жетті (79,2 пайыз). Барлығы 7696 адам жұмыспен қамтылды (жеке кәсіпкер - 3205, шаруа қожалық - 967, заңды тұлға - 547).