«ҮЗДІК МАМАН» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Полицейлер арасында жедел жұмыстың имиджін және жедел қызметтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Үздік жедел уәкіл» байқау-конкурсы өтті.
Аталған байқауға Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасы, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, Қызылорда ҚІІБ-ы, аудандық ішкі істер бөлімдерінің және ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ғани Төлебаев барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен, «Үздік жедел уәкіл» байқау-конкурсына 16 жедел қызметкер қатысып, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Байқауға қатысушылар атыс, дене шынықтыру дайындығы және күрестің жауынгерлік тәсілдері бойынша сынақтарды тапсыру арқылы экстремалдық жағдайлардағы іс-қимылдарға жарамдылыққа сынақтан өтті.
Конкурс нәтижесімен «Үздік жедел уәкіл» номинациясын ОІІД Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Ғани Мұқанов жеңіп алды. Келесі жүлделі орынды Қызылорда ҚІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Бейбарыс Қалымбетов, үшінші орынды ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Мақсат Сарбасов иеленді.
Жеңімпаздарға департаменттің грамоталарымен және дипломдары табысталды.
Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметі