«ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ЖАҢАҚОРҒАН АЛДА
Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің айтуынша, мемлекеттік жастар саясаты бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар өте көп.
«Бір ғана мысал ретінде айтар болсам, инновациялық гранттардан басқа жасы 29-ға дейінгі идеясы мол жұмыссыз және кәсіпкерлікке ниетті жастарды тарту мақсатында биылғы жылы жүзеге асырылған керемет жобалардың бірі –«Zhas Project» жобасына Жаңақорған ауданының жастары 150 ден астам жоба ұсынды.
Осы жоба бойынша 15 ауылдық округтерде болып, аудан жастарына түсіндіру және ұсынылған жобалармен жеке-жеке таныстым. Әр ауылдың ерекшелігін саралап, барлық жобаларды ауыл жастарымен, кәсіпкерлермен талқыладық және ұсыныстарды алып аудан әкімдігі тарапынан көмек беруге келістік. Нәтижесі өте жақсы», - деп атап өтті аудан басшысы.
Аталған жоба бойынша Жаңақорғаннан 69 жоба жеңімпаз атанған. Бұл – Қызылорда қаласынан кейінгі 2-орында деген сөз. Жалпы, осының нәтижесінде 69 млн теңге және осы жобаларға қатысушы 248 жас 6 ай бойы 40 – 60 мың теңге жәрдемақыға ие болған. Яғни, аудан жастарына 145 млн. теңге инвестиция құйылды.