БИЗНЕСКЕ ҰШТАСҚАН ҰЛТТЫҚ БРЕНД
Қазақтың ұлттық мәдениетінің ең байырғы саласының бірі – қолөнер десек, ол халықтың тұрмыс-тіршілігімен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді.
Сол атадан аманат болған асыл өнерді кәсіп етіп, ұлттық өнерді ұлықтап келе жатқан кәсіп иелері аз емес. Солардың қатарындағы Мұрат Жәрімбетовтің қолынан шыққан туындыларын жаңақорғандықтар жоғары бағалайды. Ата кәсіптің құлағын ұстаған шебердің өнерін қалай мақтасақта жарасады. Ұлттық құндылықтарды отбасылық дәстүрге айналдырған шаңырақты көпке үлгі етуден жалыққан емеспіз.
Өзімен қатар үйдегі отанасы Дина Жәрімбетова да киіз басу өнерін насихаттап, көрме көркін қыздырып жүрген жайы бар. Нәпақасын құндылықтар жасаудан теріп жүрген Мұрат шебердің бұйымдарымен тағы бір танысу үшін оның шеберханасы бас сұқтық.
Іс-сапармен өзге өңірге кеткен ұстаның жаңа туындыларымен танысып, тамсанып қайттық. Есік алдынан күтіп алған Дина апайды сөз бастап, төрте тұрған жаңа туындылардың сырымен таныстырды.
– Отағасының қолынан шыққан әрбір дүниеге сұраныс жоғары. Әсіресе, Әсіресе, Жаңақорған шипажайында ем алушылардың қызуғышылығы басым. Сондықтан, ол ойға алған ісін аяғына дейін жеткізуді мақсат етіп, үнемі ізденісте жүреді. Осы еңбекқорлығын аудан тұрғындары мен шипажай қонақтары жоғары бағалайды, – деп жары туралы жан-жақты мінездеме берді.
Алты баланың анасы кәсіпті одан әрі дамытып, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алғысы келетін Мұрат ұстаның шеберханасы сын көтермейтінін жеткізді. Сондықтан, кәсіпкерлік саласын дамытуға беріліп жатқан жеңілдетілген несие немесе грант ұтып алуға ниетті шеберге қолдау көрсетілсе деген тілегін де жасырмады.
Бүгінде ағашпен әсемделген құнды шеберханадағы іргетасы қаланып жатқан түйенің бет-бейнесін бағамдап көрдік. Ұста түйеге жігіттің бес қаруын орнататынын жеткізіп, толық біткенде көпшілік назарына ұсынатынын жеткізді.
Енді қолөнер шеберінің өзіне келейік. Мұрат Жәрімбетов Жаңақорған кентінің тумасы. Оған ағаштан ою-ойып, кесілген бөренеге кейіп пен жан бітіретін қасиет атасы Жәрімбеттен дарыған.
Бала күнінен ұсталыққа үйір болған Мұрат әскерде жүріп, замандастарына түрлі естелік бұйым жасап, өзінің шеберлігін шыңдайды. Уақыт өте келе танымал шебер Пахриддин ұстаздың қол астында қолөнерлік өнерін одан әрі дамытады.
Соңғы жылдары көпшілік Мұрат Жәрімбетовті ағаш шебері ретінде тани бастады. Оның қолынан шыққан тамаша туындылары елдің назарына ілігіп жүр. Қолөнершілер көрмесіндегі шебердің бұйымы жоғары бағаланып, үсті-үстіне сұраныс түсуде. Қызығушылықтан басталған іс кәсіпке айналды.
Иә, айта берсең мақтауға тұрарлық дүние көп, тамаша туындыларын көзбен көрген жан қиялға қанат бітіріп қайтады.
Түйіндей айтқанда, бас-аяғы екі жылға жуық ішінде көпке танылып үлгерген Мұрат Жәрімбетовтің қолынан шыққан дүниелер облыстық көрмелерде ерекше бағаланып жүр.
Ағаш шеберінің шығар шыңы, бағындырар белесі әлі алда деп сенеміз. Бастысы, адал еңбектің жемісі қашанда тәтті болатынын кейіпкеріміз жақсы біледі.
Ә.ТЕМІРБЕК,
Жаңақорған ауданы