АРАЛ: ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Арал ауданы әкімі Мұқтар Оразбаевтың айтуынша, биылғы жылға аудандағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына барлығы 1,4 млрд-тан астам теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған бөлігі жергілікті бюджет есебінен.
Өткен жылы 10 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Райым-Водокачка елді мекеніне кіре беріс» автожол құрылысының 5 шақырымы атқарылды. Ал, биылғы жылға қаралған қаржыға жолдың қалған бөлігі (5 шақырымы), сондай-ақ, «Қызылжар елді мекеніне кіре беріс (6,4 шақырым)» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасын табуда.
Нақты кезеңде жолдарды орташа жөндеу бойынша жоспарланған 7 жобаның «Аманөткел елді мекеніне кіре беріс (2,1 шақырым)», қаладағы «Тәуелсіздік» көшесінің автомобиль жолдарына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған жол қолданысқа берілді.
Сонымен қатар, Арал қаласындағы Мостовая көшесіне және аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай (15-70,6 км)», «Арал қаласына кіре беріс (9,3 км)», «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би (23 км)» автожолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша «Қызылжар елді мекеніне кіре беріс (0-9 шақырым)», «Бөген-Ақлақ», «Ақлақ-Қаратерең», «Қаратерең-Жаңақұрылыс» (49,3 шақырым) бағытындағы автомобиль жолдарын және 2360 шаршы метрді құрайтын Арал қаласының 10 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары, Абай көшесінің автомобиль жолына кеңейту жұмыстары жүргізілуде.