ҚОЛӨНЕР – ТӨЛ ӨНЕР
Табиғи шикізаттан табан астында тұшымды дүние шығару тек қолөнершіге тән қасиет. Атадан қалған мирасты әлі де жалғап келе жатқан бүгінгі буын біздің ауданда көптеп кездеседі. Олардың қолтаңбасы бар төл туындылар қазіргі таңда сұранысқа ие. Себебі, үлкен зейіннен туған өнімдер қай жерде болмасын тұтынушы үшін таптырмас дүние.
Жалағаштық қолөнер шеберлері бүгінде біраз машықтанып қалған. Біз оған Мәдениет ауылында өткен аудандық қолөнершілер байқауында көз жеткіздік. Ақын, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдығына арналған байқауда 8 ауылдық округтің қолөнер шеберлері өзара мықтыны анықтады.
Қатысушылар алдымен атпал азаматтың бейнесін суреттеуден сынға түсті. Бұл бөлімде қазылар алқасы үшін нағыз өнерпазды анықтау қиынға соқты. Себебі, олардың қай-қайсысының болмасын жасаған еңбегі қалыптасқан қолөнершінің төл туындысы тәріздес. Бірі қолына қаламды серік етіп, ақын бейнесін ақ қағазға түсірсе, енді бірі үлкен матаға жіппен тоқып еңбек ерін айнытпай бейнеледі. Тіпті, олардың ішінде танымал тұлға мүсінін ермексазбен сомдағандары да бар екенін айта кеткен жөн. Өнерпаздардың жасаған туындыларының барлығы да жоғары сапада болғанын қазылар алқасы да жасырмады.
– Бізге бірінші турда қатысушыларды бірін бірінен жоғары бағалау расымен қиынға соқты. Басты себеп – олардың қолынан шыққан туындылар сапасының жоғары болуы. Танымал тұлға мүсінін айнытпай суреттеу кез келген қолөнершінің қолынан келмейді. Біз бүгінгі байқауда осыған көзіміз жетті. Енді бірі ақын ағамыздың суретін мата бетіне жіппен кестелеп түсірген. Бұл да үлкен еңбекті және аса зейінді қажет етеді. Ақ қағазға қарапайым қаламмен салған қатысушылардың да туындысынан зейінмен жұмыс жасағаны байқалып тұр. Сондықтан, бұл турда барлығына жоғары баға бердік, – дейді қазылар алқасының төрайымы Інжу Жолмырзаева.
Келесі бөлімде қатысушылар Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай еркін тақырыпта өз өнерлерін көрсетті. Бұл кезеңде олар көбіне шаһар орталығындағы тарихи орындар мен зәулім ғимараттарды туындысына арқау етті. Бірі 2 ғасырлық тарихы бар бұрынғы Ақмешіттің бүгінгі бас қақпасын бейнелесе, енді бірі өз еңбегінде тарихи жәдігерлерге басымдық берді. Шикізаттан көздің жауын алар үлкен дүние дайындаған олардың өнеріне біз де тәнті болдық. Өз еңбегіне пайдаланып жатқан бұйымдардың көпшілігі қарапайым қалдықтар. Мәселен, бірі теледидар қорабының ішіне салынатын қалытқыдан Қорқыт бабамыздың ескерткішін жасап шығарса, енді бірі қойдың жүнінен киіз басып, бетіне тарихи жәдігерлерді бейнеледі. Қалған қатысушылардың туындылары да көздің жауын алады.
Сайыс соңында бас жүлде Мәдениет ауылының өнерпазы Гүлзат Ержановаға бұйырды. Ол өз еңбегінде қаланың бас қақпасы мен бүкіл тарихи нысандарды қамтыған. Ал, бірінші орынға жайғасқан Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Нұрзипа Төребек те бұл байқауға тыңғылықты дайындықпен келіпті. Басқа да жүлделі орындардан көрінген өнерпаздар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Атадан қалған мирасты жалғаған осындай қолөнер шеберлері барда ұлттық өнердің ұзақ жасары анық.