ХАЛЫҚТЫ НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТАБЫСҚА БАСТАЙДЫ
Елбасының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Қызылорда қаласында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.
Азаматтардың кәсіп ашуын жеңілдететін жоба үш бағыттан тұрады. Алғашқысы бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету, екіншісі жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдар мен қалаларда несие беруді жолға қою, үшіншісі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Аталған бағдарламаның бірінші бағытының мақсаты - кәсіби техникалық білім беру арқылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайту. Осы орайда қаладағы жұмыссыз азаматтардың ішінен бағдарламаға қатысушы 675 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданып, 433 адам оқуын аяқтап, 90 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Қызылорда қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес жалпы жыл басынан бері 5 мың 972 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 3 мың 462 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша 1 мың 868 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, 66 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Жастар тәжірибесі арқылы 408 мекемеге 523 жас маман жолданып, 38 адамға тұрақты жұмыс берілген.
Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі назардан тыс қалған емес. Бұл ең маңызды бірінші кезекте атқарылуы тиіс мәселелердің қатарында.
Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірі, биылғы жылдың басынан бері қайырымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 35 млн. 545,3 мың теңгеге әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 мың 717 отбасына көмек көрсетілді.