ІЛИЯС ҚАБЫЛОВТЫҢ 115 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың 115 жылдығына орай Қ.Қазантаев атындағы Жалағаш аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру және Ілияс Қабыловтың мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамов модераторлық жасап, конференцияның кіріспе сөзін сөйледі.
- Сыр топырағынан нәр алып, мемлекетімізді гүлдендіруге үлес қосқан екі адам болса, соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, философ, аудармашы, публицист Ілияс Жүсіпұлы Қабылов болатын. Ол мәдениет, халық ағарту, идеология, әдебиет, тіл баспасөз салаларында айтарлықтай еңбек етіп, қазақ тілінің дамуын, орфографиясын, әдебиеттегі реализм мен түрлі ұлттық мазмұнынды ұштастыра жүргізілуіне мән берген қайраткер, – деп конференция жұмысын ашты.
Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы қайраткердің әдебиет жайлы ойларына тоқталса, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев оның философиялық тұжырымдарын айтып өтті.
Сондай-ақ конференцияда Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, фольклоршы-ғалым, жазушы-зерттеуші, бірнеше университеттердің «Құрметті профессоры» Дайрабай Тынышбек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының қызметкері, министрліктің «Дене тәрбиесінің жаршысы» ғылыми журналының бас редакторы Құлтас Достанов, тарих ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Уалихан Ибраев, Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Бейбітбек Бүркітбаев баяндама жасап, артында мол мұрасы қалған қайраткердің өнегелі еңбек жолы мен саналы ғұмыры туралы толық мағлұматтар берді.