ҚАЙРАТКЕР ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛ
Дәл қазақтай тағдыр-талайында зұлматты басынан өткізген ұлт жер бетінде жоқ та шығар. Кең сахарада жусан исімен тыныстап, өмірінің бар мәнін еркіндік деп ұққан халық Жаратушысына сыйынып, бабаларының әруағын ардақтап, ар-намысын таптатпай ғұмыр кешті. Әруақтың бар екені рас болса, Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқаның арасында талай төбе дөңбекшіп, талай ісімізге орнынан аунап түсіп, ұрпағына ақ батасын беріп жатқан болар деп білеміз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз.
Қазақ ұлтының үштен екісін жалмаған сталиндік қасап заманда Қазақ мемлекеттілігін құрып, білім мен ғылым және мәдениетінің қарыштап дамуына өлшеусіз үлесін қосып, өзі сол зар заманның құрбаны болған Сырдың тағы бір перзенті Ілияс Жүсіпұлы Қабылов болатын.
... Әкесінен 13 жасында қалған Ілияс Қабылов тағдыр тәлкегімен жүріп Ташкенттегі еңбек колонасына орналасып, сол жерде алғаш білім алады. Ұқыптылығы мен зеректілігін көрсете білуі оның білімін одан әрі жалғастыруына мүмкіндік берді.
Ілияс Қабыловты толық тану үшін өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқиғаларды зерттеп барып зерделеу қажет. Ілияс – сол кезеңде-ақ «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргеновпен қанаттаса жүріп жас мемлекетті құруға белсене атсалысты. Бір аймақтың, қоңсы қонған екі ауылының тумасы, ағалы-інілі болған қос алып азамат қазақ елі үшін өлшеусіз еңбек еткен. Ол қазақ еліндегі іргелі оқиғалар мен мәдени, әдеби өміріне белсенді араласушы ғана емес, оны ұйымдастырушылардың да бірі болған. Мұны 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І съезінде Ілияс Қабыловтың баяндама жасауынан-ақ аңғаруға болады. Ол – қоғам және мемлекет қайраткері, ұстаз, ірі әдебиет сыншысы, публицист, әрі қазақтан шыққан алғашқы философтардың бірі. «Большевик Қазақстан» тағы да басқа газеттерде басшылық жасап, мақалаларын үзбей жариялап тұрған.
1931-1933 жылдары Мәскеудегі коммунистік университет пен архитектура институтының философия кафедрасын басқарып, философиядан сабақ береді. Осы кезеңде оның философияны терең меңгерген білімділігі мен біліктілігі үшін доцент ғылыми атағы берілген. Бұрын-соңды өзге ұлт өкілдеріне философиядай күрделі ғылым саласынан дәріс берген қазақ азаматы болды ма екен?! Ілияс Қабылов 1934 жылы әуелде өлкелік партия комитетінің мәдениет және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін осы бөлім меңгерушісі болған. 1937 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшелігіне қабылданады. Сол дәуір деңгейімен зерделесек, бұл үлкен жауапкершілік жүктелген лауазымды қызметтер саналады.
Ілияс Қабылов тағдыр тәлкегімен жүріп Ташкент қаласындағы еңбек коммунасына орналасып, сонда алғаш білім алады. Аса зеректігімен көзге түскен, ол кейін білімін Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде жалғастырады. Сонда жүріп «Ленин» партиясына қабылданады. Университет пен Мәскеудегі «Тормоз» және «Изолятор» зауыттарында комсомол үйірмелеріне жетекшілік етеді.
Ілияс Жүсіпұлының алғашқы мақалалары жиырма жасында-ақ жариялана бастаған. Хәкім Абай мен Мағжан шығармаларына алғаш болып көзқарасын білдірген қаламгерлер қатарында Ілияс Қабыловты да көруге болады.
Оның көзін көріп сабағын тыңдағандардың бірі, көп жыл қазақ баспасөзін басқарған Кеңесбай Үсебаевтың мынадай пікірі бар: «Ілияс ірі философ, әдебиетші болумен қатар ғылыми кадрлар даярлау ісіне де келелі үлес қосты. Қазіргі ірі ғалымдар Сақтаған Бәйішев, Мұсатай Ақынжанов, Серғали Толыбеков, Мұхамеджан Қаратаев т.б. Ілияс Қабыловтың шәкірттері».
Ілияс Қабылов – публицист, қоғам өмірінің көптеген саласына араласып, баспасөз беттерінде көкейкесті мәселелерді көтеріп мақалалар жариялап отырған. Қазақ мәдениеті мен әдебиеті және өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, өшпестей із қалдырған азаматтардың бірі. Ол 1957 жылдың 25-мамырында КСРО Жоғары сотының ұйғарымымен қылмысы жоқ деп танылса, 1998 жылы ҚР Бас прокуратурасының қаулысымен толық ақталды. Дегенмен, Қазақстан Үкіметі оның қоғамдық және мемлекеттік қызметтерін ескеріп, туған ауылындағы №32 орта мектепке, Қызылорда қаласындағы №12 мектепке Ілияс Қабылов есімін берді. Сондай-ақ, Жалағаш ауданында ол кісінің есімімен аталатын көше де бар.
Ғалым ба, саясаткер ме, әлде философ па? Біздің пайымдауымызша, ол осы айтылған мамандықтар мен қабілет - қасиеттердің бәрін бойына жинақтаған үлкен мемлекеттік әрі қоғамдық тұлға. Бұл пікірімізге Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғысөзімен, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Бас директоры, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Садық Мұстафаев пен Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, елге белгілі публицист-жазушы Құлтас Достановтың құрастырумен «Алаш арысының ардақты ұлы» деген атпен былтыр жарық көрген тарихи-саяси бағалы басылым куә деуімізге әбден болады.
Алаш арыстарының бірі саналатын Ілияс Қабыловтың туғанына 115 жыл толып отыр. Бір бұлтармайтын ақиқат – Ілияс Қабылов қазақ мемлекеттілігін құруға белсене атсалысқан Сырдан шыққан қос алыптың бірі.
Соңында қалған мол мұраны зерттеп, зерделеу, қажетін ел игілігіне пайдалану, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау – бүгінгі біздердің парызымыз.
Кеңестік кезеңде білім алып философия біліміне ден қойғандардың бірі Ілияс Қабылов болатын. Ол философияға далалық өмірді көріп өсіп, тәжірибе жинақтап барып келді. Сонымен қатар, Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде, Қызыл профессура институтында оқуы, кейіннен өзі оқыған Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде ұстаз болып әлеуметтік философиямен қатар құқық саласында сабақ беруі оның ойлау, ой қорыту, философия ғылымының заңдылықтарын игеруіне жол ашты. Сол тұста жас философ ретінде одақта да көрінді.
Мәскеуден оралысымен алдымен В.И.Ленин атындағы Орта Азиялық коммунистік университетінде 1925-1928 жылдары маркстік-лениндік философиядан дәріс беріп тыңдаушыларын тәнті еткен сол кезеңнің философы болды.
Ілияс Қабылов мақалалары мен баяндамаларында қазақ қоғамының жай-күйі, дамуы, оқу-ағарту, мәдениет, әдебиет, өнер саласында және қызмет саласына сәйкес саяси тұрпаттағы алуан тақырыпта тартымды ойлармен бөлісті. Алғашқы еңбектерінің бірі «Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оның сыны» атты мақаласында Абай және оның дәуірі, философиясы, әдісі, қоғам туралы, білім жайлы талдау жасағаны туралы мақаласы (1928) көп қарсылықтарға кездесті. Бұл тұста қоғам қайраткері Ыдырыс Мұстамбаевтың «Ақын Абай және оның философиясы» (Қабылов жолдастың мақаласы) атты сыни мақаласы жарияланды.
Ілияс Қабылов: «Философия – ғылым атаулының ең бір жалпы заңын зерттейтін ғылым немесе әлемдік процестің ең бір жолы заңын зерттейтін ғылым, ал, әлемнің өзі процестердің жиынтығы. Демек, философия дүниені түсініп білудің жақсылы-жаманды сындарлы жүйесі болып табылады» деп жазғанды.
Қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым І.Қабылов Алашордашылар, оңшыл ауытқушылар, дін, тіл, әдебиет, орфография, кино өнері, оқу-ағарту саласы, мектептер мен жоғары және орта арнаулы оқу орындары жайлы материалдар жазған. Қайраткер «халық жауы» аталып, 1938 жылдың құрбаны болды.
Ол – 1956 жылдарда басталған жылымықтан бастау алған шаралар негізінде ақталып, есімі қайта оралған азаматтардың бірі. 1964 жылы Қазақстан партия тарихы институтының бастамасымен «Сәулетті болашақ үшін күрескендер» атты сериясымен шығарылған кітаптың бірі Ілияс Қабыловқа арналған. Кітапты шығарушы – тарих ғылымының кандидаты П.Тибекин.
Көрнекті философ, қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Қабыловты біліп-танудың, оның есімін құрметтеудің жаңа жолы басталды десек те болады. Сонымен, қазірден бастап Қабыловтану жаңа ғылыми зерттеу бағыты ашылып, тәуелсіз қазақ елінде қазақ философия тарихы бойынша жаңа зерттеулер легі басталар деген ойдамыз.
К.ҚАЙРАҚБАЕВ.