СЫР СПОРТЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР ҚУАНТАДЫ
Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыр спортының жетістіктері жөнінде баспасөз-мәслихатын өткізді.
Баспасөз-мәслихатына халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғап жүрген Сыр спортшылары, грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали, шахматтан әлем чемпионы Әсел Серікбай, отырып ойнау волейболынан Пара Азия ойындарының қола жүлдегерлері Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов, Алмат Манабаев және грек-рим күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Ермек Көкетов қатысты.
Биылғы жылыоблыс спортшылары халықаралық жарыстарда жоғары табыстарға қол жеткізіп, еліміздің абыройын көтерді. Жыл басынан бері ҚР чемпионаттарында 1178 медальдарды, Азия, әлем чемпионаттарында – 97 медальдардыиеленді.
Атап айтсақ,Индонезияның Джакарта қаласында өткен III Пара Азия ойындарында аймақ спортшылары, дзюдодан Азамат Тұрымбетов күміс жүлдені, отырып ойнау волейболынан Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов, Алмат Манабаев Қазақстан құрама команда сапында өнер көрсетіп, қола жүлдені иеленді. Ал XVIII жазғы Азия ойындарында байдарка және каноэде есуден Мерей Медетов қола жүлдеге қол жеткізді.
Грецияның Халкидики қаласында шахматтан өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Әсел Серікбай үшінші мәрте Әлем чемпионы атанды. Ол 16 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц бойынша шеберлік байқасып, 9 турдан 7 ұпай жинады. Айта кетейік, халықаралық жарыста еліміздің спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленді. Жалғыз алтын Сыр спортшысының еншісінде болды. Әсел бұған дейін 2011 жылы Польшада, 2017 жылы Румынияда өткен Әлем чемпионаттарында алтын жүлделерді жеңіп алған болатын. Ол биылғы жылы алтыншы мәрте Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ, Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Бұл сында жерлесіміз Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Облыс тарихында 2005 жылы грек-рим күресінен ересектер арасында Ермек Көкетов әлем чемпионатында қола жүлдегер болса, оның жетістігін ізбасары Айдос қайталады. Енді қызылордалық балуан келесі жылы Астана қаласында грек-рим күресінен өтетін Әлем чемпионатына дайындалады.
Сонымен қатар, Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиада ойындарында байдарка және каноэде есуден жерлесіміз Диас Бахрадин Олимпиада чемпионы атанды.
Самарқанд қаласында өткен Азия чемпионатында Алтынбек Қожахмет алтын медаль алса, Гүлжайна Тыныбекова 1 алтын, 2 қола медальдарды еншіледі.
Өз кезегінде басқарма басшысы Олжас Акимов болашақта спортшылардың жоғары жетістіктерге жетуіне барлық жағдай жасалатынын, ал спортшылар бұл жетістіктермен шектелмейтінін, алдағы уақытта да түрлі жарыстарға қатысып, облыс абыройын қорғауға күшін салатындықтарын айтып өтті.