ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУ ТІГУГЕ АСЫҒАЙЫҚ
Қазақ ұрпағын «Отан – отбасынан басталады» деп тәрбиелеген халық. Демек, отбасындағы тәрбие отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге, ұлттық рухқа, елдік мүддеге тәрбиелейтін болған.
«Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады» - дейді Елбасы өз мақаласында. Демек, туған жер де, туған ел де бір-бірінен ажырамас біртұтас ұғым. Осындайда танымал саясаткер Ерлан Қариннің еліміздің географиялық картасына қарап тұрып: «Мына сызықтарды көрдіңіздер ме, қандай ирек-ирек көп болса, соншама тартыс, соншама маңдай тер, жүйке-жүйе кеткенін көруге болады. Демек, біздің елде, Қазақ елінде бір қадам жер үшін кіммен болсын текетіреске түсе алар азаматтар болғанын көруге болады» – деген сөзі еске түседі. Расымен, қарыс жері үшін қан кешіп өткен бабаларымыздың аманатын сақтауда кешегі алашордашылардың еңбегі орасан екенін айтпауға болмайды.
«Бұрын адам аз, жер көп болған, мұны біздің қазақ өз көзімен көріп отыр. Жердің көп-азына қарамай, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан, иә егін салған. Жер көп болып, мал бақса, бұл шаруаны қылған жұрт малмен бірге көшіп жүрген. Жер аз болса, жердің һауасы егінге қолайсыз болса, мал шаруасын ұстап отырып, малды көшіріп қойып, жұрт өзі отырықшы болған...» - дейді Әлихан Бөкейхан.
Ал, Елбасы өз мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?» - деген сұрақ қоя отырып, оған былай жауап береді.
«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.
Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет» – дей келе, «Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» – деп күллі қазақтың, қала берді бүкіл қазақстандықтардың ортақ ісіне айналдырып отыр.
Сөзімізді қорыта келгенде рухани жаңғырудың бастауында тағы да алашорда үкіметінің негізгі ұстанымдары тұрғанын байқаймыз. Бұл ой ғасыр бұрын «жүз жылдық жаңғыруымызға» азық болған алашорда көсемдерінің көксегені еді. Елбасы соны іске асыруға мүмкіндік жасады. Біздің ауданда да осы бағытта біршама жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе, тарихи жерлерді ашу, көне нысандар мен мәдениет ошақтарын қалпына келтіру, аббаттандыру, түрлі рухани-танымдық шараларды ұйымдастыру секілді жұмыстар жергілікті басшылықтың қолдауымен жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Алдағы уақытта, «Туған жерге туын тігетін» азаматтарды көптеп тартып, ауылдың көркеюіне үлес қосуға шақырғанымыз абзал. Әрине, бұл бағыттағы шаралар мүлдем жоқ деп айтудан аулақпыз. Газетіміздің өткен нөміріне Ж.Ақмолдаевтың ұрпақтары тұлғаға арналған турнирге демеушілік жасап, жас спортшылар бір қуанып қалғаны рас. Алайда, бағдарламаның ауқымы кеңейсе, елден небір айтулы азаматтардың өсіп-өнгенін айтып мақтанамыз. Ендеше, сол азаматтарды туған жеріне шамалары келгенше ауқымды жұмыстар жасап, елдің ризашылығын алуға барынша ынталандыру қажет.
Гүлхан Яхия.