Аманөткел елді мекенінде жаңа балабақша пайдалануға берілді
16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Арал ауданы Аманөткел елді мекенінде жаңа жеке балабақша ашылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Зере» балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, жиналған қауымды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтатады.
«Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде ауданымызда балалар сапалы білім алатын мектептер, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен рухани жағынан жақсы тәрбие алуы үшін аудан орталығымен қатар, елді мекендерде мектептер мен жаңа балабақшалар ашылуда. Балғындардың сүйікті мекені болған, білімнің бесігі – балабақша іші бүлдіршіндердің күлкісіне толы болсын!»- деп аудан әкімі ізгі лебізін жеткізді.
Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов сөз алып, жаңа нысанның ашылуымен тұрғындарды құттықтады.
Аманөткел елді мекенінде мектеп жанындағы 50 орындық «Әсем-ай» шағын орталығы жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда Аманөткел ауылдық округінде 3-6 жас аралығында 177 бала тіркелсе, 46 бала мектеп алды даярлық сыныбында, 50 бала мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде.
Енді жеке кәсіпкер Ақниет Жалғасбаевтың 75 орындық «Зере» балабақшасы жұмысын бастады.