Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өз тиімділігін көрсетуде
Қызылорда облысына жұмыс сапарының барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметімен танысты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Аймақ басшысының бастамасымен құрылған Орталық кәсіпкерлерге жер мәселесі, сәулет және құрылыс, мемлекеттік кірістер, қаржыландыру институттарының шарттары, инженерлік коммуникацияларға қосылу, банкке дейінгі және одан кейінгі жобаларды сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетудің 50-ден астам түрлерін «бір терезе» қағидатымен ақысыз негізде көрсетеді.
Орталықтың бірден-бір басты ерекшелігі кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салдырмай, түрлі мекемелердің табалдырықтарын тоздыртпай газ, су, электр, жылу жүйелеріне қосылуға рұқсат құжаттарын (техникалық шарт) тікелей алып беру болып табылады.
Облыста жеке және заңды тұлғалардан өтініштерді қабылдау және өңдеу жолымен барлық коммуналдық қызметтерге (-электр, газ, су, жылу желілері) қосылуға рұқсат беруге арналған«Геоақпараттық онлайн сервис» бағдарламасы әзірленді (gis.orda.gov.kz).
Сервистік бағдарлама қолданысқа енгізілге дейін іс жүзінде кәсіпкерлер жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде құжаттарды 148 күн ішінде ресімделетін болса, қазіргі уақытта жаңа регламенттер бекітілгеннен кейін қызмет көрсету мерзімі құжаттардың толық пакетін берген күннен бастап 29 күнді құрайды.