Ағза трансплантациясы: Елімізде 61 бала бүйрекке, 21 бала бауырға мұқтаж
Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы басшысының орынбасары Венера Алтынова Қазақстанда қанша бала ағза ауыстыруға мұқтаж екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің орталықта 2012 жылдан бастап ағза ауыстыру, ақ қан ауруы кездескенде жілік майын ауыстыру оталары жасалып келеді. Қазақстанда бүгінгі таңда, өкінішке қарай, бүйрекке 61 бала, бауырға 21 бала мұқтаж. Донор бауырды күткен балалар өте кішкентай. Мәселен, біздің орталықтағы бауыр трансплантациясы бөліміндегі жасы ең кішкентай бала 6 айлық. Енді біз ол бала бір жарым жасқа толғанша бауыр тауып, ауыстыруымыз керек. Өйткені, ары қарай кешігіп қаламыз», - дейді Венера Алтынова.
Оның айтуына қарағанда, осындай күрделі жайға тап болған балаларға бүгінгі таңда бауыры немесе бүйрегін тек туысқандары ғана беретін көрінеді.
«Бүйректі біз тірі донорлардан және ми өліміне шалдыққан адамдардан аламыз. Бір мәйіттен 7 органды алып, 7 науқасқа мүше ауыстыру отасын жасауға болады. Орган алынатын тірі донор (ата-анасы немесе туысқандары) немесе қайтыс болған адамның жасы 58-ден асып кетпеуі керек. Мәйіттен біз бауырды ала алмаймыз», - дейді ол.
Венера Алтынова өз сөзінде атап өткендей, орталықта бүйрек трансплантациясы 6 жыл, жілік майы трансплантациясы 6 жыл, бауыр трансплантациясы 4 жылдан бері жасалып келеді.
«Ересектерге қарағанда балалардың жайы жеңілдеу. Себебі, балаларға көбінесе әке-шешелері немесе туысқандары донор болып келеді. Былтырдан бері мәйіттен алынатын ағзалардың трансплантациясы азайды. Мұның себебі көп. Бізде заң бойынша, қайтыс болған адамның денесінен белгілі бір ағзасын ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ алуға қақымыз бар. Алайда біздің халықтың көзқарасы бұған қайшы десе де болады. Есіңізде болса, былтыр бір науқастан ағза алып, соңы дау-дамайға айналып кетті», - дейді Венера Алтынова.
Орталық басшысының орынбасарының айтуына қарағанда, Түркияда Мехмет Хаберал деген атақты трансплантолог бар. Венера Алтынова сол маманнан «Түркия транплантация жасау жағынан үшінші орында тұр. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?» деп сұрағанын айтады.
«Түркияда трансплантация үшін ағзаның 50 пайызы тірі донордан, 50 пайызы қайтыс болған адамнан алынады екен. Мехмет Хабералдың айтуынша, Түркияда трансплантация туралы ақпарат құралдарында апта сайын мәлімет таратылып отырады екен. Ал бізде Қазақстанда бұл мәселе жиі айтыла бермейді», - дейді ол.
Венера Алтынова жыл сайын бүйрекке мұқтаж балалардың қатары 14-18-ге көбейіп отыратынын айтады. Алайда ондай балалардың кейбірінің әке-шешесінің жоқ болуы немесе қан тобының сәйкес келмеуі, ата-анасының денсаулығының болмауы, донордың табылмауы жағдайды қиындата түседі.
«Сондай жағдайларда мәйіттен ағза ала алсақ, балаларға жақсы мүмкіндік туар еді. Донор болмағандықтан, көп балалар қайтыс болып кетеді. Ал бізде оталардың басым көпшілігі сәтті - баланың да, транспланттың да аман қалу көрсеткіші 98 пайыз. Өз көрсеткіштерімізді өзге елдермен салыстырып көргенде Еуропадағы барлық елдермен деңгейіміз бірдей екені анықталды», - дейді Венера Алтынова.