Мемлекет басшысы бірқатар заңға қол қойды
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүйкеге әсер ететiн заттар айналымы саласындағы мемлекеттiк бақылауды жетiлдiруге бағытталған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылаудың құқықтық негіздерін айқындайтын жаңадан қабылданған "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Сонымен қатар Президент "Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы №8156-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Шығыс – Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы – Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b) түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңдардың мәтіндері баспасөзде жарияланады.