«ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІККЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛДІ
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 24 мамырдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының аясында «Әділет органдары туралы» және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуші орган – жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы болып табылады.
Атап айтқанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу құзыреті 2018 жылдың шілде айының 30-нан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалымен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңының 18-бабына сәйкес, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.
Ал, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 18-3 бабының талабына сай, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы тіркеуші органның қызметіне мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
Мемлекеттік бақылау жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы тіркеуші орган қызметінің, яғни жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, құқықтық кадастрды жүргізу, көрсетілетін қызметті алушылардың жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімдерін бұзу фактілерін анықтау және уәкілетті органды бұл жөнінде хабардар ету жөніндегі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда, уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері тіркеуші органға бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жібереді. Бұзушылық белгіленген мерзімде жойылмаған кезде уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға мәжбүрлеу туралы талап арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын бекіту туралы» бұйрығымен жылжымайтын мүлікке құқығының туындауы, өзгеруі және тоқататылуы үшін төленетін бағалар сомасы бекітілді. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және оңайлату бағытындағы жүргізіліп жатқан шаралар бұл Жаһандық бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін жақсарту, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету барысында әкімшілік кедергілерді азайту болып табылады.
Министрлік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметті әрі қарай оңтайландыру шараларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қазақстанның әлемнің ең бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетке қол жеткізу тұрақты негізде рейтинг индикаторларын жақсарту бойынша одан әрі реформа жүргізуді талап етеді.
М.ЕРМЕКБАЕВ,
Қызылорда облысының
Әділет департаментінің
бөлім басшысы,
ҚР одағының мүшесі .