«Бастау бизнес» жобасы бойынша сертификаттар табысталды
Бүгін Қазалы ауданында «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытуды үйлестіру мәселелеріне арналған мәжіліс болып өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап жүргізіп отырды. Өңірімізде облыс әкімінің бастамасымен 2018-2020 жылдарды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялағаны баршамызға белгілі. Осыған сәйкес ауданымызда кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстары ауқымды жүргізіліп келеді.
Осы орайда Кәсіпкерлер Палатасының Қазалы аудандағы филиалының директоры Ермек Аймаханов жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2018 жыл көлемінде оқу курсының үйлестірілуі туралы хабарлама жасады.
«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» екінші бағыты аясында Қазалы ауданына «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2018 жылға 220 тыңдаушы оқуға қатыстыру жоспарланған. Жоспар толығымен орындалды. Оқуға ниеттілер аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, оқытылды. Оқу курсын аяқтаған 170 азамат аудандық және облыстық комиссия алдында бизнес-жоспарларын әзірлеп, өз жобаларын түгел қорғап шықты. Сонымен қатар, «Бизнес Кеңесші» оқу семинары бойынша Облыстық Кәсіпкерлер Палатасының жоспары негізінде Қазалы ауданына 2018 жылға 90 азаматты оқыту жоспарланған. Осы жылдың мамыр, маусым, қазан айларында 274 азамат оқу курсына қатыстырылды. «Бизнес Кеңесші» оқу курсына қатысушылар тек несие алу мақсатында ғана емес, кәсіпкерлік негіздерін үйрену үшін де қатысуда», - дейді Кәсіпкерлер Палатасының Қазалы аудандағы филиалының директоры Ермек Аймаханов өз хабарламасында.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылқап «Бастау Бизнес» оқу курсында білім алған қатысушыларға сертификат табыстады. «Бизнес Бастау» жобасында білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген қатысушылар ұйымдастырушылар мен тәлімгерлерге өздерінің ризашылықтарын жеткізді.