Сырбойылық дәрігер еңбек жолында 10 мыңға жуық операция жасаған
Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келген хирург Сұлтанбек Әлқожаев еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
24.kz арнасына сілтеме жасап.
Өз ісінің шыңына шығу үшін біліктілік пен қажырлы еңбектен бөлек ұлтжандылық керек. Бұл сырбойылық хирург Сұлтанбек Әлқожаевтың пікірі.
Жаңақорған аудандық ауруханасында табан аудармай, 45 жыл қызмет еткен дәрігер бүгінге дейін 10 мыңға жуық операция жасаған.
Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дүниеге келген Сұлтанбек Әлқожаев бір ауыз орысша білмесе де емтиханнан сүрінбей, Алматы қаласындағы медицина институтының жалпы хирургия факультетіне түскен. Ерекше талпынысы арқасында үздіктер қатарынан көрінген түлекке оқу орнының басшылығы институт қабырғасында қалуын өтініп, қызмет ұсынған. Алайда туған өлкесінде білікті дәрігерлер жетіспейтінін қаперге алған жас маман кіндік қаны тамған жерге оралып, адам жанын арашалау қызметіне кірісіп кетті.
Сұлтанбек Әлқожаев, жоғарғы санатты хирург:
- Совхоздарға шығып, туу анау құмдардың арасына барып, ауруларды сол жақтан алып келіп, одан операция жасап, күндіз түні жүрдік. Сол кезде менің ойымша патриотизм басым болды ғой. Ал енді көп жігіттер ондайға шыдамай, қалаға ауысып кетіп жатты. Қалада уақытымен барады, уақытымен келеді. Біз осы далада жұмыс істедік.
Қарапайым хирургтан ауданның бас хирургына дейін көтерілген білікті маман Ішкі істер бөлімінде сот медициналық сараптама қызметін де қоса атқарды. Ұлт денсаулығын нығайтудағы еңбегі үшін «Медицина саласының үздігі» атанған Сұлтанбек Башарұлы науқасты қабылдап, тексеріп, анестезия, операция жасау тіпті оңалту бағдарламасына дейін жауапты болдық дейді.
Сұлтанбек Әлқожаев, жоғарғы санатты хирург:
- «Хирург должен иметь горячую руку, холодный мозг» дейтін. Операция жасап жатқанда жаның стол үстінде болады ғой. Сол аман қалса екен деп. Бірінші, адам аман болады, екінші, өзіңе абырой болады. Кейде бала-шағадан гөрі сол аурулардың тілеуін тілеп кететін жағдай болған.
Күнімай Ысқақова, зайыбы:
- Балаларымыз Алматы, Астанада тұрады. Алып кетейін десе, кеткіміз келмейді. Өйткені көшеге шықсақ, «аға, мені таныдыңыз ба, маған операция жасап едіңіз ғой» дейді біреуі. Бірі «аға сіз біздің әкемізге операция жасап едіңіз ғой, сізді ел таниды, Алматыға барып не қыласыз. Бәріміз сізді жақсы көреміз, құрметтейміз, көшпеңіз деп айтады. Біз соған риза болып, көшкіміз келмей үйде отырмыз.
«Білімің өзің, ақылың болашағың үшін керек» деген әке тәмсілін ұстанған 6 баланың үлкені ата жолын қуып, бүгінде медицина ғылымдарының кандидаты. Қалғандары сан салада жемісті еңбек етіп жүр. Еңбегімен еліне елеулі Сұлтанбек ақсақал бай тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарды үйретуден еш жалыққан емес.