10 қаңтар: атаулы күндер мен оқиғалар
Kyzylorda-news.kz оқырмандарына 2019 жылғы 10 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.
БҰҰ Бас Ассамблеясының бірінші сессиясы ашылған күн. 1946 жылы 10 қаңтарда Лондонда ашылды. Оған 51 мемлекеттің өкілдері қатысты. Қазіргі кезде оның құрамына 193 мемлекет кіреді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1934 жылы қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған «Қазақ әдебиеті» апталық газеті шыға бастады. Алғашқы редакторы - Б.Майлин. Газет 1940-1954 жылдары тоқтап, 1955 жылдың қаңтарынан қайта шыға бастады. «Қазақ әдебиеті» ұлтымыздың рухани айнасы, еліміздің әдеби һәм мәдени өмірін жан-жақты қамтитын басылым.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Жарлығы шықты.
1992 жылы Елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісінде Республикалық гвардияны құру туралы шешім қабылданды.
1995 жылы Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Марек Гавенцкий Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсырды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысына сәйкес 1997 жылғы 10 қаңтарда Алматы энергетикалық институтының (АЭИ) негізінде Алматы энергетика және байланыс институты (АЭБИ) құрылды. Бұл институт - Орталық Азиядағы энергетика және телекоммуникациялар саласындағы мамандандар дайындау бойынша жалғыз оқу орны.
1997 жылы Бішкек қаласында Н.Назарбаев, А.Ақаев және И.Каримов Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды.
1999 жылы Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенттігіне балама сайлау өтіп, онда сайлаушылардың 79,78 % дауысын жинаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайта сайланды.
2001 жылы даңқты қазақ режиссері Шәкен Айманов фильмдері DVD-дискілерінің коллекциялық шығарылымы көрерменге жол тартты. Коллекция құрамына талантты режиссердің уақыт сынынан сүрінбей өткен «Алдар Көсе», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атаманның ақыры» сияқты көптеген фильмдері енгізілді. Коллекциялық шығарылымды Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің аумағынан алуға болады. Бір шығарылымның тиражы - 10 мың дана.
2003 жылы Өскеменде «АВТОВАЗ» АҚ-ның техникалық көмегімен құрылған «Азия Авто» зауытының ашылу салтанаты өтті. Жаңа құрастырушы кәсiпорын «Нива» автокөлiктерін өндiрiп шығарады.
2004 жылы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы халыққа тәулік бойы қызмет көрсететін ақылы «169» анықтамалық-ақпараттық қызметін ашты.
2006 жылы Жазушы-драматург, сыншы-журналист Қошке Кемеңгерұлының туғанына 110 жылдығы қарсаңында Алматыдағы «Алаш» баспасынан қаламгердің шығармалар жинағының алғашқы томы жарық көрді. Бұл кітапқа жазушының «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар» тарихи зерттеулері, «Атылып өлген қазақ жігіті», «Қазақ жеріне қолқа салушылар», «Ел газеті қандай болу керек?» деген мақалалары және т.б. танымдық еңбектері еніп отыр. Жинақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі мен Өзбекстан Мемлекеттік Орталық мұрағаттарынан, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық, Мәскеудің мемлекеттік және Омбы облыстық кітапханаларынан алынған қолжазбалардың негізінде даярланды.
2007 жылы Алматыда өнер ұстаздары мен оқытушыларының алғашқы халықаралық көрмесі өтті. Экспозицияға қазақстандық, ресейлік және қытайлық шеберлердің 50-ден астам туындысы қойылды. Туындылар түрлі жанрллар бойынша орындалған. Басым бөлігінде табиғат көріністері бейнеленген.
2008 жылы сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қарағандыдағы «Сантехөнеркәсіп» ЖШС-да құрышты жылу радиаторлар өндіретін желіні іске қосты. «Сантехөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ТМД аумағында санитарлық-техникалық маңыздағы өнімдерді өндіретін ірі зауыттардың бірі. Зауыттың барлық өнімдері Германияның Мюллер және Лаппле жоғары технологиялық жабдықтарымен дайындалады. Ал өнімдер Қазақстанның өңірлеріне, сондай-ақ ТМД елдеріне жеткізіледі. Эмаль өнімдерінің ассортиментінде ванналар, ас үйдегі ыдыс жуғыштар бар.
2011 жылы Қазақстан делегациясы 7-ші қысқы Азия ойындары алауын тұтандыру рәсімі өткен Кувейтке аттанды. Олимпиада алауы тұтандырылатын ел ретінде Кувейттің таңдалуы тегін емес. Азия Олимпиада Кеңесінің, (ағыл. Olympic Council of Asia, OCA) штаб-пәтері осы жерде орналасқан.
2011 жылы Өзбекстанда мәнерлеп сырғанау мен фристайлға арналған «7-ші қысқы Азия ойындары. Астана-Алматы» атты екі арнайы пошта маркасы айналымға шығарылды. Мәнерлеп сырғанауға арналған марканың бетіне мұздағы көркем бидің үзіндісі, Астана мен Алматыда өткен 7-ші қысқы Азия ойындарының ресми эмблемасы, және өбек тіліндегі «7-Qishki osiyo o'yinlari (Astana-Alma-Ata)» деген жазу түсірілген. Екінші «Фристайл» арнайы маркасында осы спорт түрінің үзіндісі, эмблема және «7-Qishki osiyo o'yinlari (Astana-Alma-Ata)» жазуы бейнеленген.
2012 жылы Қызылорда облысында «Алтын қамба» сауда-логистикалық орталығы мен көкөніс сақтауға арналған қойма ашылды. 747, 152 млн теңгенің жобасы өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.
2012 жылы Үлбі металлургия зауыты China Guangdong Nuclear Power Corporation - Uranium Resources Company, China Nuclear Fuel South Company, China Nuclear Energy Industry Corporation компанияларымен Қытайға таблетка түріндегі отын жеткізіп беру туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Құжат аясында зауыт шығаратын отын түріндегі таблеткалар CGNSC зауытында отын өндіруге қолданылады.
2013 жылы «Астана» телеарнасы отандық «Тағдыр» телесериалын көрсетуді бастады.
2013 жылы қазақстандық жиһанкез Сапар Ысқақов Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің туын сапарға алып шықты. Экспедиция Саутгемптон (Англия) портынан басталды. Журналист телеоператорды қосқанда, 4 адамнан тұратын жиһанкездер 20-дан астам елге барды. Қазақстандықтар «QUEENELIZABETH 6*» лайнерінде Жер шарын аралады. Сапар барысында Сапар Ысқақов халықаралық ұйым өкілдерімен кездесіп, Қазақстан жайлы, Экспо көрмесі жайлы айтты.
2014 жылы Қазақстанда күш қолдануға қарсы Ұлттық алдын алу тетігінің үйлестіруші кеңесі құрылды. Аталлмыш құрылымның жұмысын қамтамасыз ету Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүктелді.
2014 жылы Ақтөбе облысы Алғы ауданының Бестамақ ауылында орналасқан Есет батыр ескерткіш кешенінде музей мен қонақүй ашылды.