Ырысы шалқыған – «Абай Дәулет» шаруашылығы
Қызылордадағы «Абай Дәулет» ЖШС-гі ақ күріштен тау тұрғызып, алма бағын жайқалтып, төрт түлікті түлетіп отырған шаруашылық. Шаруашылық иесі – жұртты жұмылдыра білетін іскер басшы, берекелі Бесарық ауылының тумасы Мұрат Сәрсенбаев.
Шаруашылық мамандары осыдан екі жыл бұрын қылыш құйрықты қара қойды тәжікстандық түрімен будандастырған, деп хабарлайды kyzylordatv.kz.
Қазіргі таңда тәжірибе өз нәтижесін беруде. Қошқарлары етті, аналықтары егізден төлдетіп жатыр.
«Шаруашылықтағы қошқарлардың салмағы 140 келіге дейін барады. Ал аналықтары 70-80 келіге жетеді. Жылына 110-120 тқл алып отырмыз. Бұған дейін 2 төлін алдық», - дейді мал дәрігері Асылбек Маханбетов.
Өнімді мол беретін саланың бірі –түйе шаруашылығы. Қазір мұнда қос өркештілердің басы 60-қа жеткен. Күніне 150 литр шұбат дайындалып, облыс орталығына жөнелтілуде. Сұраныс жоғары болғандықтан ауылдағы ағайын дәл осы кәсіпті жандандыруды мақсат етіп отыр.
«Бүгінде шұбат алып, оны қалаға өткізудеміз. Шаруашылықта 1 сауыншы, 2 түйекеш бар. Болашақта түйе шаруашылығын дамытуды жоспарлаудамыз», - дейді шаруашылық меңгерушісі Мүсілім Аяпов.
«Абай Дәулет» серіктестігінде мал азығы да дайындалады. Сағатына 3 тонна өнім өндіретін шағын зауыт жұмыс істеп тұр. Қысқы маусымға қажетті азық алдын-ала әзірленген. Енді өзге шаруашылықтардан түсетін тапсырыс аясын кеңейту үшін зауыттың қуаттылығын арттыру көзделуде. Шаруашылықтың басты кәсібі - күріш. Өткен жылы Сыр салысын 500 гектар алқапқа еккен ауыл диқандары әр гектардан орташа есеппен 67 центнерден өнім жинады. Қазіргі таңда дала жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.
«500 тонна тыңайтқыш келіп түсті. Екінші тұқым да дайын тұр. Қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Сонымен қатар алдағы уақытта 2 торактоир алу көзделуде», - дейді бас инженер Бейбіт Белгібаев.
Бұйыртса, биыл мына алма ағаштары жеміс салады. «Карлик» деп аталатын түрі екен. Өзі аласа болғанымен жемісі мол, дәмі тіл үйіреді дейді мамандар. Жалпы, 7 гектар жерге 10 мың түп алма ағашы егілген. Осыншама шаруаны ұқсатып, кәсіптің сан қырын ұршықша иіріп отырған - Мұрат Сәрсенбаев. Ол жетістікке жетудің кілтін тапқан нағыз еңбекқор азамат.
«Ең алдымен жұмысшыларға адал еңбек етуді және тәртіп сақтауды талап етемін. Өз кезегінде басшылық тарапынан да іскерлігімен көзге түскен мамандар мен жұмысшылардың отбасыларына қолдау көрсетіледі», - дейді «Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушы ауылдың жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Өткен жылы 37 миллион 300 мың теңге қаржыға ауылдың кіреберіс көшесін асфальттап, аббаттандыру жұмыстарын жүргізді. Мектепке жаңа спорттық құрал-жабдықтар алып берді. Бесарық ауылының берекесін кіргізген азамат жыл қорытындысында Сырдария ауданы бойынша «Үздік демеуші» номинациясын иеленсе, жыл еншісіндегі ең үлкен марапаты - Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атанды.
«Кәсібіне береке кіріп, ісі өрге жүзген әрбір адам туған ауылының гүлденуіне үлес қосып, оның көркеюіне атсалысуы қажет. Ең осы орайда біз де өз үлесімізді қосып, ауылдың абаттануына жұмыс жасаудамыз», - дейді Мұрат Сәрсенбаев.
Мұрат Сәрсенбаевтың алдына қойған мақсаты, жоспары әлі де көп. Бүгінде өз ісіне адал жандардың шоқтығы бөлек болса, ауылды түлеткен кейіпкеріміз де еңбегінің, ауылға деген сүйіспеншілігінің, қамқорлығының арқасында құрметке бөленіп келеді.