Жалағашта күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясын салу жоспарлануда
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Ағымдағы жылы жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында Жалағаш ауданының шығыс жақ бөлігінде 30 мВт күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясын салу жоспарлануда. Жобаның бастамашысы «Nomad Solar» ЖШС.
Қайратбек Әубәкірұлының айтуынша, бұл жобаның аудан үшін маңызы зор. Жоба іске асқан уақытта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жыл сайын 120,0 млн теңге көлемінде кіріс кіретін болады. Әрине, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 га жер учаскесі табысталды. Жобаны Греция мемлекетінің «Метка» компаниясы жүзеге асыратын болады.
Жобаның болжамдық құны 19,0 млрд теңгені құрайды.