Түркияның белді оқу орындарында екі мыңнан астам қазақстандық студенттер оқып жүр
Сыртта білім алған жас ғалымдар шетелдік тәжірибені өз елінде қолдануға дайын. Түркияның алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастары осылай деп сендіреді. Олар да Қазақстанда жарияланған Жастар жылына қатысты ойларын ортаға салып, Елбасының бастамаларын қолдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазіргі таңда түріктің белді оқу орындарында екі мыңнан астам қазақстандық студенттер оқиды. Көбісі гуманитарлық, жаратылыстану және IT салаларын таңдаған. Олардың арасында Ержан мен Бағлан да бар. Жас ғалымдарымыз Гази Университетінде түркология мен спорт мамандықтары бойынша докторантурада білім жетілдіріп жүр. Армандары айшық. «Оқуды ойдағыдай тәмамдап, еліміздің ғылыми саласына үлес қоссақ» дейді.
«Ахмет Ясауи университетінің бағдарламасымен оқып жатқандығымнан оқуымды бітіргеннен кейін қайта университетке барып, сол жерде қызмет атқаратын боламын. Біздің мамандығымыз түркологияға жақын болғандықтан, алдағы уақытта Қазақстанда түркология саласында қызмет атқарып, сол сала бойынша елімізде үлкен істер атқарсақ деген осы түркі халықтарының тарихын, мәдениетін зерттеп, өзіміздің үлесімізді қоссақ деп ойлаймыз», - дейді Түркітану мамандығының докторанты Ержан Арғынбаев.
Бағлан - Қызылорданың тумасы. Түріктің спорт саласындағы тәжірибесін үйреніп жүр. Елге келіп бұқаралық спорт саласын дамытуды мақсат етіп отыр. Сол үшін осы саланың менеджменті мен халық арасында салауатты өмір салтына баулудың қандай әдістері барын зерттеп жүр.
«Елбасымыздың «Қазақстан-2050» жалпыұлттық бағдарламасында халқымыздың 30% жастарға 3-93 аралығында бүкіл Қазақстанның азаматы бұқаралық спортпен шұғылдануы жөнінде баса айтып өтті. Менде қазір бұқаралық спорт саласында диссертациямды дамытып, Еуропаға, сонымен қатар Түркияға көршілес мемлекеттердің барлығында алған тәжірибемді жақсылап сіңіріп, жан-жақты зерттеп, халықаралық деңгейде зерттеулерге жүгіне отырып, елімізде де осы саланы дамытуға өзімнің септігімді тигізсем деген ойдамын», - дейді спорт менеджменті мамандығының докторанты Бағлан Ермаханов.
Шетелде білім алушы жастардың қай-қайсының алға қойған мақсаты қуантады. Олардың әрқайсысы өз саласының білікті маманы болғысы келеді. Аянбай еңбек етуге асық екенін жанарларынан байқау қиын емес. Сырттан жиған тәжірибесін, ілім-білімін елдің келешегіне жұмсар болса, Қазақстанның да әлемнің озық елдері ішінде көш бастайтын күні алыс болмас.