Ауыл жастарын «Болашақпен» көбірек оқыту ұсынылды
«Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Болашақ» бағдарламасымен ауыл жастарын көбірек оқытуды ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Партия басшысы Әли Бектаевтың айтуынша, бүгінде «Болашақ» xалықаралық бағдарламасы аясында шетелде білім алып жатқан жастар көп. Бірақ ауылдың жастары тым аз. Ауыл шаруашылығы бойынша оқып жатқандар да санаулы. «Негізі, патриот жастардың көбісі ауылда тұрады. Оны мойындауымыз қажет. Ал ауыл мектептеріндегі білім сапасының төмендігі, болмаса, мұғалімдердің ауылға бармайтындығы - бұның бәрі ауыл жастарының кінәсі емес қой. Солай емес пе? Балалар кімнен білім алады, сол біліммен оқиды, сол біліммен оқуға түсуге тырысады. Сосын ауыл баласы қалдағы балалардан еш кем емес. Ақылы жағынан, парасаты жағынан, ал патриоттығы қала жастарынан да артық. Бірақ олардың «Болашақтың» талабына сай білімі мен дайындығы жетіспей жатады. Назарбаев университіне түскісі келетін жастардың жағдайы да солай. Талаптары жоғары. Бірақ оқуға қабылдау тәртібі өте қатал. Тіпті, қала түлектерінің өзі еліміздің ең беделді университетінің студенті атану үшін қосымша жеке меншік орталықтарға барып, жыл он екі ай дайындалып жүреді. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндік жоқ», - деді Ә.Бектаев партияның кезектен тыс XIV сьезінде.
Оның айтуынша, бүгінде мұғалімдердің біліктілігі былай тұрсын ауыл мектептерінің оқу-әдістемелік әрі материалдық базасы қалалық мектептерімен салыстыруға да келмейді. Заманауи құрал-жадықтарды пайдалану жағынан да ауыл мектептерінің мүмкіндіктері шектеулі.
«Сондықтан біз бірнеше ұсынысты әзірледік. Біріншіден, Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін ауыл мектептерінің 6-шы сыныбын бітіретін оқушыларға арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру қажет. Екіншіден, аймақтардағы Назарбаев зияткерлік мектептеріне қабылдау барысында ауыл балаларына квота бөлу керек деп есептейміз. Үшіншіден, Назарбаев университетіне, болмаса, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдегі алдыңғы қатарлы университеттерге түсу үшін арнайы сынақтан өткен ауылдың түлектеріне дайындық курстарын ұйымдастырған дұрыс. Ауылдың балаларына да лайықты жағдай жасалуы қажет», - деп атап көрсетті Ә.Бектаев.