Қызылорда Полиция департаментінде семинар-кеңес өткізілді
Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен тергеу, анықтау және сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметіне орай семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинарға облыстық, қалалық прокуратура басшылары, қалалық сот және Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьялары, сонымен қатар тергеушілер, анықтаушылар және сотқа дейінгі тергеп-тексеру функциясы жүктелген қызметкелер қатысты.
Семинар барысында Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы Т.Тілек «Тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша тергеушілер мен анықтаушылардың жіберген кемшіліктері, олардың шешу және бірізділікке салу жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар қалалық прокуратураның тергеу бөлімінің бастығы А.Абдыкаримов қылмыстық теріс қылықтарды тергеп-тексеру барысында мерзімдерді және азаматтардың конституциялық құқыларын сақтау бағытында атқарылуы тиіс шаралар туралы айтып өтті.
Қалалық сот судьясы Б.Жаңабаев қылмыстық теріс қылықтарды тергеп-тексеру барысында жіберілген кемшіліктер және сот мәжілісінде туындайтын проблемаларды тізіп, хабарлама жасады.
Сонымен бірге, семинарға қатысушылар өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қатысты пікір білдірді.
Семинар соңында жыл қорытындысымен «Үздік» деп танылған бөлімдер, тергеушілер, анықтаушылар және маман-криминалистерді марапаттау рәсімі өтті.