Жас полицейлерге психологиялық кеңес берілді
Қызылорда қалалық полиция басқармасының жас қызметкерлеріне арнайы «Жас жүрек» атты семинар-тренинг өткізілді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Облыстық полиция департаментінің кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағлан Бисен жастар тәрбиесіне айрықша назар аудару, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында баяндама жасады. Ол 2018 жылы жеке құрам арасында болған қылмыстарға тоқталып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинар-тренингтің жалғасы психологиялық тренингке ұласты. Департаменттің психолог мамандары жас қызметкерлерге кәсіби ісіне бейімделуі үшін кеңестер берді. Кикілжіңнің алдын алып, тығырықтан шығар тиімді жолды табуға үйретті.
Шара барысында қатысушылардың көңіл-күйін көтеруге, жүйке-жүйесін демалдыруға, дене бұлшық еттерінің шаршағандығын басуға әртүрлі тақырыпта жаттығулар, релаксациялық әдістер және топтық шығармашылық жұмыстар жүргізілді.