Қауіпсіздік – басты назарда
Қаладағы №2 Мұрагер мектебінде Қызылорда облысының Полиция департаменті мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында төтенше жағдайлардың алдын алу» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Шарада «Облыс көлеміндегі тәрбие саласының мамандарын білім беру ұйымдарының қауіпсіздік шараларын күшейтуге жұмылдыру» тақырыбында білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымованың, «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықтың жай-күйі және төтенше оқиғалардың алдын-алу бағыттары» тақырыбында, Қызылорда ОПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ердаулет Жаукеевтің, «Төтенше жағдай кезіндегі террористік тұрғыдағы осал обьектілердің басшылары және қызметшілерінің міндеттері мен іс-қимылдары» тақырыбында Қызылорда ОПД ЭҚІҚБ бастығы полиция полковнигі Қуаныш Оразовтың, «Балалар психологиясы жөніндегі психолог маманның кеңесі» тақырыбында психолог маман Жансая Бижанова, «Колледж студенттерін төтенше жағдайларға дайындау» тақырыбында Шиелі индустриалды-аграрлық колледж директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұловтың, «Біз қауіпсіз елдің жастарымыз» тақырыбында Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі, радио-электроника және байланыс мамандығының 3 курс студенті Ержан Жамбылдың баяндамалары тыңдалды.
Қызылорда облысының білім беру ұйымдарында, аулаларында оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын-алу жөніндегі алгоритмі қабылданып, облыстық полиция департаменті және білім басқармасының басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітілді.