БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ – ОРТАҚ ІС
Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағының құтқарушылары облыс орталығындағы «Мұрагер» мектебінде «Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру туралы» конференцияға қатысты. Шараны қалалық білім бөлімі ұйымдастырды.
Оған Қызылорда қалалық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының санитарлық-гигиеналық бөлімі, жергілікті полиция қызметі, білім беру ұйымдарының жауапты мамандары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп тәлімгерлері, мектеп психологтары мен басқа да қызметкерлер қатысты.
Жиын барысында құтқарушылар балалардың суға кету қауіпінің алдын алу, сақтық шараларын, өмір қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету туралы тренингтік сабақ жүргізді.
Жасақ құтқарушылары суға шомылу маусымы жақындағанын және балаларға рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылу қауіпті екенін тағы да ескертті. Сонымен қатар, құтқарушылар ата-аналарға су жағасындағы демалыс кезінде балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдыру өте қауіпті екені туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шынында бірінші сатыда балалар үшін ата-аналар жауапты. Орын алған қайғылы жағдайлардан мысал келтіріп, соңында сауалнама жүргізді.
Бала өмірінің қауіпсіздігі – барлығымызға ортақ іс. Сондықтан балаларымыздың бос уақытында қайда және кіммен жүргенін басты назарда ұстағанымыз абзал.
Жиын соңында жасақ құтқарушылары барлық қатысушылар мен қонақтарға судағы қауіпсіздік ережелері жайында ескертпе парақшалар таратты.
ҚР ІІМ ТЖК Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы