6 ақпан: атаулы күндер мен оқиғалар
1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі құрылды. Қазақстан Республикасының Күзет қызметі мемлекеттік орган ретінде, арнайы әскери құрылым және Республика Президентіне тікелей бағынышты болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің қауіпсіздігін және Президентпен бекітілген тізімі бойынша мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ елімізге іс-сапармен келген шет мемлекеттерінің, үкімет басшылары және халықаралық ұйымдардың басшыларының қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
2003 жылы Лондонда Қазақстан кинематографиясына арналған фестиваль ашылды.
2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді әрі қарай жетілдіру мақсатында «Йод жетіспеушілігі ауруларының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіруге және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне байланысты жекелеген әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
2011 жылы Алматыда Б. Шолақ атындағы спорт сарайында 7 Қысқы Азия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шараға Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен жұбайы Сара Назарбаева қатысты. Айта кетейік, Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жеңіске жетіп, 70 медальді қанжығасына байлаған болатын. Оның 32-сі - алтын.
2011 жылы Қазақстан құрамасы алтын медаль саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын орнатты. Бұған дейінгі рекорд, яғни 29 алтын медаль Жапонияға тиесілі болатын. Ол 1986 жылы Саппоро қаласында өткен 1-қысқы Азия ойындарында орнатылған.