Кәсіпкердің өтінішін елемеген қызылордалық шенеунік жауапқа тартылды
Қызылорда қаласында бизнес субъектілерін сыбайлас жемқорлықтан қорғайтын фронт-офис арқылы кәсіпкердің мүддесі қорғалды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Рrotecting business and investments» жобасының фронт-офисіне «Сейтпенбет» жеке кәсіпкері шағым білдірген. Кәсіпкер Қызылорда қалалық жер бөліміне кәсіпкерлік мақсатта 98 шаршы метр болатын қосымша жер учаскесін заңдастырып беру мәселесімен жүгінген. Дегенмен, 2 айға жуық уақыт өтсе де, жер бөлімі тарапынан өтінішінің қаралмағандығын айтқан.
Кәсіпкердің өтініші бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімімен «Сейтпенбет» жеке кәсіпкерінің өтініші уақытында қаралмай, созбалаңға салынғандығын және оң шешілмей келе жатқаны анықталды.
«Заңға сәйкес, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі, тиісті уәкілетті орган бекіткен жерге орналастыру жобасы және жер комиссиясының оң қорытындысы келіп түскен кезден бастап жеті жұмыс күніне дейінгі мерзімде қабылдануы тиіс. Алайда, «Сейтпенбет» жеке кәсіпкеріне қосымша жер учаскесін заңдастырып беру туралы өтініші 2 ай қаралмай созылып келгені анықталды. Осы орын алған заңбұзушылық бойынша Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің жауапты тұлғасына қатысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне құжаттар жолданып, қорытындысымен қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Р.Сматуллаев әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда кәсіпкерге қосымша жер учаскесі заңдастырылып берілді», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бас маманы Нұржан Сүлейменов.
Қызылорда облысында «Рrotecting business and investments» жобасы аясында бизнес субъектілердің құқықтарын қорғау бойынша жалпы құны 594,9 млрд. теңге болатын 17 инвестициялық жоба сүйемелдеуге алынды.