2019 жылы аталған скринингтік бағдарламаларға мемлекет 4,3 млрд теңге бөлді
Биыл Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні «Мен. Мен бармын» (I Am. And I Will) деген ұранмен өтеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір бүкіл әлем бойынша қатерлі ісікке шалдығушылар саны артып отыр. Бүгінде обыр өлім-жітім саны жағынан жүрек-қан тамыры жүйесінен кейін екінші орынға шықты. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.
Статистика
2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 34 мың 585-іне қауіпті диагноз тұңғыш рет қойылыпты. Пациенттердің басым бөлігі Алматы қаласының (3996), Шығыс Қазақстан (3648), Қарағанды (3614) және Алматы облыстарының (2695) тұрғындары.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр қатерлі ісіктен 14 406 отандасымыз көз жұмған. Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан (1757) және Қарағанды (1284) облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы (1611) көш бастап тұр.
2018 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында қатерлі ісік ауруымен 1116 науқас тіркеуге алынды, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 141,6% құрады (2017ж. 12 ай – 1111, көрсеткіш– 142,9%).
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктен болатын өлім – жітімнің төмендеу тенденциясы байқалады. ОНЭТ ақпараттық бағдарламасы бойынша қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 54,9% (433 жағдай), 2017 ж. 12 ай - 70,5% (548 жағдай).
Облыс көлемінде қатерлі ісікті ерте I-II сатысында анықтау көрсеткішінің жақсаруы байқалады, 2018 жылдың 12 айында 59,8% құрады (2017 ж.12ай – 59,4%).
2018 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісік ауруымен ауыратын науқастардың 5 және одан көп жылдық өмір сүру көрсеткіші жоғарылаған, яғни 45,3% (2017ж. 12 ай – 44,6%).
Диагностика: неге назар аудару қажет?
Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал, емге кететін шығын 200 есеге қысқарар еді.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
Обырдың алдын алу
Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.
Мемлекет бірқатар скрининг түрлеріне жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөліп отырады. 2019 жылы аталған скринингтік бағдарламаларға мемлекет 4,3 млрд теңге бөлді.
Тегін скрининг түрлері:
- 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді;
- 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;
- 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына тегін тексеріледі.