Кәмелетке толмаған ұлына көлік жүргізуге рұқсат берген қызылордалық жауапқа тартылды
Қызылорда облысының 40 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған баласына автокөлікті жүргізуге берген, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған оқиға «Самара-Шымкент» тас жолының бойында орын алған. 40 жастағы облыс тұрғыны 2003 жылғы баласына көлік жиі жүретін күре жолда машинасын жүргізуге рұқсат берген.
«Бұл жөнінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабында көрсетілген. Онда «Кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту» жағдайы екені көрсетілген. Осыған байланысты Жалағаш аудандық соты 6 ақпанда қаулы шығарды. Қаулы бойынша құқық бұзушы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 128-бабымен кінәлі деп танылды. Оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Ол 120250 теңге шамасында», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, құқық бұзушы ата-ана ішкі істер органдарының есебіне алынатын болады.