Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері тұрғындардың шағымына жауап берді
Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметі мен тазалығына көңілі толмаған қала тұрғындарының шағымы көптеп тарады. Сонымен қатар «Kyzylorda-news.kz» интернет газетінің редакциясына аталған аурхананың жағдайын баяндап жазған хаттар да толастар емес. Осыған орай, болған жайдың мән-жайын анықтап, халықты ақпараттандыру үшін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мухамбетовамен тілдескен едік. Алдымен оқырман хатына үңілейік.
«Жұқпалы аурулар ауруханасына түскенімде палатада орын жоқтығын айтып мені дәлізге жатқызды. Бірақ менен кейінгі келген науқастарды палатаға орналастырды. Орын жоқ болса неге үлкен аурухана орналастырмайды».
Бас дәрігер Айна Мухамбетова жұқпалы аурулар ауруханасының өз тәртібі бар екендігін айтты. Қазіргі таңда өршіп тұрған қызылша ауруының салдарынан ауруханадағы науқастардың саны артып, уақытша дәлізге жатқызуға тура келгендігін жеткізді.
Сонымен қатар дәрігер бұл жағдайларға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан «Бақылау кеңесі» құрылғанын айтты. Кеңес мүшелері жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастармен кездесіп, түсініспеушіліктен туындаған сұрақтарға жауап берген.
Айна Мухамбетова – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
– Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 185 орынға арналған. Аурухананың бірнеше бөлімі бар. Соның ішінде аса қауіпті жұқпалы ауруларға арналған бокс бөлімі, екі балалар бөлімшесі, ішек аурулар бөлімдері жұмыс жасайды. Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың күз айларынан бастап еліміз бойынша қызылша ауруы белең алуда. Жыл басынан бері облыс бойынша 34 адам қызылша ауруы мен тіркеліп отыр. Осы жағдайға байланысты ауруханадан 40 орын дайындадық. Әр аурухананың өз ерекшеліктері мен тәртібі бар. Бізге келген науқастар түсіністікпен қараса дейміз. Жұқпалы аурухана жұмысының негізгі принципі науқас ауруханаларда басқа жұқпалы аурулармен ауырған науқастармен қатыспайды. Қызылша ауруы 100 пайыз ауамен жұғатын ауру. Сондықтан басқа бөлімшерде орын болғанымен біз ауруларына байланысты науқастарды араластырып бір-біріне қоса алмаймыз. Оған қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің нұсқауы да бар. Рұқсат етпейді. Аурухана 185 орынға арналғанымен 200-ден аса науқасты қабылдаймыз. Бұрын науқастарды дәлізде орналастыру болмайтын. Қазіргі ахуалға байланысты біз осыған мәжбүр болып отырмыз. Екінші балалар бөлімшесі 26 адамнан жоғары болған жоқ. Ата-аналар сол бос жерге орналастыруымызды сұрайды. Ал, ол бөлімде қызылшамен қарым-қатынаста болған науқастар, облыстық балалар ауруханасында емделіп шығып дене қызуы түспеген балалар және біздің ауруханада екі-үш рет емделіп шығып, қайтып түскен науқастар. Сонымен қатар үйінде ауырып, екпе алмаған, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында болған балаларды орналастырдық. Себебі оларға 75-90 пайызы қызылша диагнозы қойылуы мүмкін.
Дәрігердің айтуынша, қызылша ауруының алғашқы сатыларында науқас адам тек қана үйде емделуі тиіс. Өйткені, емханаға баратын болса, ауруды өзге адамдарға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан үйге учаскелік дәрігерді шақыртып, ем қабылдаған жөн. Ауруханаға тек қана аурудың ауыр түрімен ауырған және асқыну белгілері бар науқастар ғана жатқызылады.
Оқырман хаты: «Аурухананың санитарлық тәртiбi көңіл көншітпейді. Ішіндегі қызметкерлердің қызмет көрсетуі өте төмен».
Айна Мухамбетова - облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
– Жұқпалы аурулар ауруханасының санитарлық тазалығы төмен болуы мүмкін емес. Себебі аты айтып тұрғандай, жұқпалы аурулармен ауырған науқастар ерекше күтімді қажет етеді. Әрбiр науқастан кейiн бөлмеде міндетті түрде дезинфекция жүргiзiледі. Медицина қызметкерлерi қоршаған адамдарға инфекция болмау үшiн бөлiмшенiң санитарлық тәртiбiн және жеке гигиена ерекшелiктерiн қатаң сақтайды. Мүмкiндiк бойынша палаталарды бiр уақытта толтырып, сол науқастарды бiр уақытта шығарады. Мейiрбикелер емдiк шараларын, ауыр науқастардың арнайы күтiмiн және тамақтануын қамтамассыз етедi. Санитарлық және кiшi мейiрбикелер науқастар жазылып, ауруханадан шығарылғаннан кейін, бөлмелердi залалсыздандырады, барлық төсек жабдықты ауыстырады. Науқастардың туыстары әкелген заттар мен тағамдар арнайы бөлмеде қабылданады. Әкелген заттардың iшiнде науқасқа қарсы көрсетiлген өнiмдер болмауын бақылайды.
Осылайша жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің күндіз-түні тыным таппай қызмет атқаратындығын айтты бас дәрігер. Алайда, емделуге келген науқастар жеке бастың гигиенасын, аурухананың тазалығын өздері сақтамайтын көрінеді.
Оқырман хаты: «9 айлық нәрестеге антибиотик қабылдауға бола ма? Жұқпалы аурулар ауруханасында бұрын соңды ешқандай дәрі қабылдап көрмегенімізді ескертсем де «Цеф-3» антибиотигін салды».
Айна Мухамбетова – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
– Одан қорқудың қажеті жоқ. Кейбір ата-аналар балаларын үйде емдеп, уақыт өткізіп алады. Яғни, ауруханаға ауруын асқындырып әкеледі. Сондай жағдайларда, баланың ауруына байланысты бала антибиотик қабылдайды.
Фариза ОМАРОВА