Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі жан Ернар Айдармен дуэт орындайды
Қызылордалық жас Бақдәулет Әбділдаұлы 9 наурыз күні Алматы қаласындағы Республика сарайында белгілі әнші Ернар Айдармен бірге ән шырқайды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
24 қаңтарда эстрада жұлдызы Ернар Айдар өзінің алдағы уақытта өтетін мерекелік концертінің қарсаңында байқау ұйымдастырған болатын. Байқаудың шарты бойынша кез келген қатысушы әншінің репертуарындағы бір әнді орындап, оны өз парақшасына жүктеу керек.
«Енді бұл байқауға барлығыңыз қатыса аласыздар. Байқаудың шарты, менің репертуарымнан өзіңізге ұнаған әнді таңдап, акапелла немесе кез-келген аспаптың сүймелдеуімен орындап, видеоға түсіріп өз парақшаңызға жүктеп астына #ЕрнарАйдарменДуэт деп жазуыңыз қажет. Бұл байқау, өнерлі әнші іні - қарындастарыма , замандас қыз-жігіттерге, аға-әпкелеріме, ата-әжелеріме де жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Жеңімпаз менімен дуэт ән шырқайды және алдағы болатын ән кешіме қатысуы мүмкін. Баршаңызға сәттілік!» делінген әншінің инстаграм парақшасында.
Екі аптадан астам уақытқа созылған байқауға мыңға жуық үміткер қатысқан. Эстрада жұлдызының бұл байқауда таңдауы 4 үміткерге түскен. Олардың қатарында сырбойылық Бақдәулет те бар.
Айта кетейік, Бақдәулет Әбділдаұлы осыдан 4 жыл бұрын жол апатына түсіп, төсек тартып қалған. Жиырма жастағы жігіт бірнеше рет күрделі отаны бастан өткізген. Жас жігіт өмірдің қатал сынағына сынбай, өмірмен күресіп келеді. Бұған дейін Бақдәулеттің қатысуымен бірнеше мәрте қайырымдылық концерттері ұйымдастырылған. Кіші сахналарда ән айтып жүрген ол енді үлкен сахнада Ернар Айдармен дуэт орындайтын болады.