Арал ауданынан 60 азамат ауған соғысына қатысқан
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Сұрапыл соғысқа қазақ даласынан 22 мыңға жуық азаматтың аттанғандығы белгілі. Оның ішінде, аралдық азаматтар да бар еді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Арал ауданынан 60 азамат Кеңес әскері құрамында Ауғанстан жерінде әскери борышын өтеуге аттанған. 2 азамат майдан даласында қаза болып, 58-і елге оралды. Қазіргі таңда 30-ға жуық ардагер түрлі салада еңбек етуде.
Айтулы күнге орай аудан тұрғындары ауған жерінде өздерiнiң интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан жерлестерімізге арналған ескерткiш тақтасына гүл шоғын қойып, олардың рухына құран бағыштап, тағзым етті. Қан майданда, ұрыс даласында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Жауынгерлердің ерлігін үлгі ету мақсатындағы шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсеткен қаһармандарымызды бүгінгі қазақ елінің ұрпағы әрдайым мақтан ететіндігін айтты. Сондай-ақ, жастардың бейбіт өмірдің бағасын біліп, өз Отанын сүюге, елінің патриоты болуына тілектестігін білдірді.
Ауған соғысы ардагерлеріне «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісі мен аудан әкімінің құттықтауы табысталып, сый-сияпат жасалды.