Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордадағы жылыжайлар «жыры»

Қызылордадағы жылыжайлар «жыры»

Astanatv.kz телеарнасының хабарлауынша, Қызылордада 2012 жылы 120 жылыжай салынатыны шаттықта толы үнмен жарияланып, тіпті салынды. «Ауыл шаруашылығын қолдау» қоры арқылы мемлекеттен 600 млн теңгеден аса қаражат бөлінді деген ақпарат болған. Қор бізге 600 млн теңге мемлекеттің бюджетінен бөлінген жоқ және 600 млн емес, 400 млн теңге деді. Қаржы бюджеттен емес деген... Жарайды, ал жылыжайлар неге әлі күнге дейін бар қуатымын жұмыс істеп кеткен жоқ. Неге? Облыс тұрмақ, облыс орталығында көкөніс бағасы қарапайым айтқанда - удай. Жұмыс істеп тұрған аз-маз жылыжай өнімдерінің көлемі қанша? Сұраныстың қанша процентін жауып отыр - жалпы жағдайға ықпалы бар ма? Мүмкін мұның бәрі бос әурешілік шығар? Қызылорданың өзінде жылыжайға арнап бөлінген жерлер тұзды болып шықты, жұмыс жүрмеуінің бір себебі сол деген уәж де айтылған.

Қаланың орталық базарларында көкөніс түрлері, мысалы, қияр, қызанақ, баклажандар тоғыз жүз-мың жарым теңге болса, болгар бұрышы тіптен екі жарым мыңнан саудаланып тұр. Шымкент, Алматымен қатар Өзбекстан, Қытайдан келген өнім. Баласы мен немересі дәрумен жесін деген ата-ананың саудасы келісі 250-300 теңге алмамен шектеледі. Көкөніс сататын қатарларда сауда мардымсыз, қала тұрғындары удай қымбат бұрыштың орнына ет алуды жөн көреді.
«Анда-санда аламыз, өйткені қымбат. Бағасы төмен болса, балаларға алып беру, әрине, алып беру қажет, витамин күнделікті. Иммунтитеттері слабый қазіргі балалардың. Ет аламыз ба әлде жеміс-жидек аламыз ба-сол сұрақ», - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Баян Садыханова.

«Міне, бізде қиярдың, бәрінің сапасы жақсы. Бірақ өзіміздің өнім емес, сырттан алдыртып жатырмыз. Сол үшін бізде бәрі қымбат. Егер өзіміздің өнім болғанда, арзан болар еді», - дейді сатушы Назәкат Нұрымбетова.
Облыс халқын арзан, сапалы және жергілікті өніммен қамтамасыз етеміз деген сүйінші хабар 2012 жылы бұқараны елең еткізген-ді. Қызылорда қаласының шет аймағында бір мезетте 120 жылыжай тұрғызу жоспарланады. Лизинг рәсімдеген екі кәсіпорын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» қаржы алып, іске де кіріседі. Бірақ біреуі көп ұзамай басын алып қашып, екіншісі 70 шағын жылыжай түгел салынып болғанда қауқарсыз екенін жеткізіп, кете барады.
«Лизинг болғандықтан оларға дайын объектілерді табыс ету көзделген. 70 жылыжай салынып, 2013 жылдың желтоқсан айында табысталып та қойған еді. Десе де, лизинг алушы бір ай ішінде, өзінің қаржылық қиындықтарына байланысты лизингтен бас тартып, келісім-шарт бұзылды. Екі жобаның құны 413 миллион теңге, ол қаражат қордың өз бюджетінің ақшасы», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Саид Курбанходжаев.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары болса, жылыжайды салған мердігердің де кінәсі жеткілікті дейді. Мәселе тіпті жердің сор болып шыққанында емес, қыстыгүні суыққа төтеп беретіндей салынбаған.
«Негізгі мәселе ол жерде-жылыжайларды суық кездері жылыту мәселесі. Ол жерге газ келіп тұр. Бірақ мынау құрылыстың өзінде, айналасында жылу ұстамайтығындығы, оны тұрақты жылу жасау жөнінде кезіндегі мердігер компаниялардың құрылыс сапасыз жүргізгенінен болып тұр ғой», - дейді Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов.
Бір қалашық болып салынған жылыжайлар сол күйі пайдаланбастан, жазы-қысы қаңырап қала береді. 2014-2015 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» нысандарды өз балансына алған. Кім кінәлі, не істейміз деп жүргенде бес жыл уақыт зымырап өтеді. Қор бірнеше рет аукцион өткізіп, сатуға да бел буады. Тек аңызға айналған жылыжайларға қызыққандар ұзақ уақыт табыла қоймайды.
«Жаз мезгілінде ультракүлгін сәулелер жылыжайларды құрастырған поликарбонаттарға зиянын келтірген. Әрине, соншама уақыт істемей тұр, сондықтан күйі кеткен. Десе де қазіргі уақытта 70 жылыжайымызды лизинг алушы Натишаева кәсіпорны іске қосқалы отыр», - дейді Саид Курбанходжаев.
Нар тәуекел еткен жергілікті кәсіпкер 70 жылыжайды лизингке алып, қалпына келтіре бастапты. Әрине, қирап қалған дүниені қайта қалпына келтіру оңайға соқпағаны рас.
«2017 жылы осы жобаға біз қосылдық. Сол кезден бастап жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Әрине, проблемалар болды. Біз өзіміздің қаржымызды құйдық. Мысалы, жылу жүйесі, тамшылатып суару жүйесін өткіздік. Фильтрацияларды жаңадан орнаттық. Грунттын бәрін жаңадан ауыстырдық, өйткені бұл жердің грунты тұзды болды. Қазір 70 жылыжайдын толыққанды 40-ы жұмыс істеп тұр. Алғашқы өніміміз осы. Құдай қаласа, осы жылы көкөніс егіп, өнім аламыз ба деп отырмыз», - дейді «Натишаева» жеке кәсіпорнының агрономы Нұрлан Жүсіпов.
Қалған елу жылыжайға да қожайын табылған көрінеді. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың пайымынша, екінші жартыжылдықта 120 жылыжайдың барлығы толық қуатпен жұмыс істейді.
Облыс бойынша жалпы 62 жылыжай жұмыс істеп, өнім беруде. Аймақ жұртшылығының қыс маусымында көкөніске қажеттілігі 4 мың тоннаға жуық болса, қазіргі күні жылыжайлыр оның тек 11 пайызын ғана өтейді. Дегенмен потенциал бар: облыс орталығындағы 120 жылыжай түгел іске қосылса, жылына 500 тонна өнім жиналады деп болжанып отыр. Сонымен бірге Қызылорда қаласында «Агрокартаға» сәйкес жылдық қуаты 900 тонна тағы бір жылыжай, ал Шиелі ауданында 20 жылыжай биыл іске қосылмақ.
Мамандардың оптимистік болжамдарына сенсек, биыл қызанақ, қияр, баклажан, капуста, болгар бұрышымен қоса қауын, қарбыз өнімдерін жергілікті нарыққа тиімді бағамен ұсыну көзделіп отыр. Кім біледі, Баян апай сияқты қарапайым тұтынушылар тек алма алумен шектелмейтін шақ туар. Кім біледі...

18 ақпан 2019 ж. 495 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области