ҚЫЗЫЛОРДАДА «АНАЛАР АЛЛЕЯСЫ» АШЫЛДЫ
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Бегім ана көшесіндегі "Ана бақыты" ескерткіші жанынан бастау алатын аллеяның ашылуымен қала тұрғындарын құттықтады.
Ұлтымыздың арғы-бергі шежіресінде еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, ұлтқа ұран болған аналарымыз баршылық. Тарихтың қай парағын ақтарсаң да қаны асыл, жаны текті апа-аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзіне қанасың. Бегім сұлу, Құртқа, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ана сияқты ақылы асқан, дана апа-аналарымыздың бейнесі асыл мұра ретінде ұрпағының санасында. Бұл жер анасы мен баласының, отбасылардың демалып, тәрбиелік мәні бар кездесулер өткізетін, Елбасының айтуынша, «Алаштың анасы – Сыр өңіріндегі» бірден-бір сүйікті орнына айналуына тілектеспін, - деді облыс әкімі.
Аллея құрылысына «Абзал и К» компаниясы 44 млн. теңге бөлді. «Ана бақыты» ескерткішінің авторы мүсінші Ағабек Назаров, биіктігі 5,5 метр.
Қызылорда облысында 34700 көпбалалы ана бар. Оның 17742 "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегері.