Қызылордалық оқушы ұңғымаларды орналастырудың тың әдісін ойлап тапты
Бес ұңғымадан өндірілетін мұнай мен газ көлемін бір ұңғыма арқылы да шығаруға болады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Ол үшін қызылордалық оқушы Жаңагүл Тынысбектің ойлап тапқан математикалық моделін өндірісте пайдалану керек. Ұңғымаларды орналастыру есебіне теориялық және сандық зерттеу жүргізген ол геологтармен бірлесе қажетті параметрлерді жинақтап, газ өндіру коэффициентін арттыратын жаңаша математикалық формула құрды. Оны Сыр өңіріндегі мұнай кеніштерінде сынақтан өткізіп, оң нәтижеге қол жеткізген болатын. Жуырда осы ғылыми жоба халықаралық математика және механика байқауында 300 қатысушының арасында үздіктер қатарынан көрінген болатын.
«Газ кеніштерінде неғұрлым ұңғымаларды аз орналастырсақ, соғұрлым экономикалық жағынан тиімді. Себебі әр ұңғыманы орналастыру үшін көп қаржы кетеді. Яғни осы модельді газ кеніштерінде қолданатын болса, экономикалық жағынан тиімді болады деп айта аламын», - дейді оқушы Жаңагүл Тынысбек.
«Бұрынғы алгоритмдер, соның ішінде шетелдік газ өндіру алгоритмдерімен таныстық. Біздің алгоритмнің ерекшелігі, бағалау коэффициенттеріне негізделді», - дейді жоба жетекшісі Сәндігүл Сүлейменова.