Гаухар Әлімбекованың құрбысы Президентке хат жолдап, тағы да сотқа арыз түсірді
Осыған дейін Гаухар Әлімбековаға "алдандым" деп сотқа жүгініп, жеңіп шыққан құрбысы Бақыт Назарова аппеляция берілу себепті бостандықта жүрген әншінің үстінен тағы да арыз түсірді, деп хабарлайды Nur.kz.
Бақыттың айтуынша, Гаухар желіде жалған ақпарат таратып, абыройынан айырған. Соның салдарынан Назарова көшеге шығудан қалдым деп отыр.
"Барахолка" атанып кеткен ашық базарда сауда жасайтын Бақыт Назарова айына 330 мың теңге несие төлеуге мәжбүр.
Жасы алпысқа тақалса да, күнкөріс үшін еңбек етіп жүрген ол Әлімбековамен болған баспана дауынан кейін, тіпті, базарға шығу қиындағанын айтады.
"Мені танып қалған адамдар келіп, "Саған осы не керек, проблема керек пе?" деген қатты-қатты сөздер айтады. Қорқа бастадым. Өзім несиемді төлей алмай, қысылып, қарызданып жүргенде, бұл менің жүрегіме әсер ете бастады. Адамды көрсем, дірілдеймін", – дейді жәбірленуші.
Бақыттың жанына батқаны - әншінің әлеуметтік желіде өзін меңзеп, қаралауы екен. Осыдан кейін Назарова бүгін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына арыз жазып, президенттің атына хат жолдапты.
"Себебі, Әлімбекова өзінің Instagram желісінде мені "Б әпке тойға барғанымды, ән салғанымды көре алмай, үстімнен арыз жатып жатыр екен" деген жалған ақпарат таратып отырды. Алдымен мен оған мән берген жоқпын. Себебі, өзімнің жеке арымның алдында таза болғандықтан, жарайды, ештеңе етпейді деп отыра бергенмін",- дейді ол.
Ал Әлімбекованың қорғаушысы Абзал Құспан әншіні темір торға жапқысы келетіндердің бар екеніне сенімді.
Ол бұл мәселеге қатысты Гаухар Әлімбековамен қатар Фируза Ордабаева есімді азаматшаның қатар сотталғанын және Фирузаның тергеу кезінде болған қорғаушысы сотта Бақыт Назарованың қорғаушысы болғанын айтты.