Ер адам «әулиемін» деп, 2500 әйелді жүкті қылмақ болған
Аустралияда ер адам аталық ұрық доноры атанып, 2500 әйелді ұрықтандырмақ болған, деп хабарлайды ktk.kz.
Өзін Джо Донор деп атаған ер адам Аустралияға қаңтар айында келгенін айтады. Оның сөзінше, бұған дейін АҚШ-та және Оңтүстік Америка мемлекеттерінде тұрған екен. Ер адам сол жақта 800-ден аса әйелді ұрықтандыруға тырысыпты. Бүгінде кемінде жүздеген баланың әкесімін, дейді ол.
Джо Донор өзін «әулие» деп атайды. Ол әйелдерді пробиркадағы аталық ұрықтың көмегімен емес, төсек қатынасы арқылы жүкті қылуды жөн көреді. Джо Донордың пікірінше, бұл әдіс анағұрлым тиімді. Өз сөзінде ол клиенттерінің дені «табиғи жолмен ұрықтануды» құп көретінін айтты. Ер адам өз қызметі үшін ақша алмайды, алайда жолының шығынын өтеп беруін сұрайды.
Сонымен қатар ол клиенттеріне өзі, тегі және денсаулығы туралы мәліметтерді ұсынады екен.
«Кей адамдар өзім туралы барлық мәліметті бүкпесіз айтып, тіпті, есірткі шегетін-шекпейтінімді тест арқылы тексергісі келеді. Мен оларға: «Білесің бе, сен маған ядролық зымыранның тетігін беріп тұрған жоқсың, біз бар болғаны бала жасаймыз», – деп жауап беремін», – дейді ол.
Өз кезегінде отбасылық құқық жөніндегі маман Стивен Пейдж Донордың клиенттері мен болашақ балаларына қатер төндіретінін айтады.
«Ол өзін Құдай санайды. Алайда ол сәбиді аңсап, түңілген әйелдердің алдында өзін Құдай тәрізді көрсетпеуі керек. Ертелі-кеш ол АИТВ жұқтырып, оны тағы басқаларға жұқтырады. Бұл сұмдық», – дейді Стивен Пейдж.
Ал Донордың пікірінше, нағыз сұмдық – бұл «әйелдің өмір бойы сәби сүйе алмай, кәрі қыз болып өлуі».