Қызылордалық полицей екі адамды өрттен құтқарды
Қызылорда қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция қызметкері Рамазан Алдабергенов өртеніп жатқан үйден бір айлық нәресте мен анасын аман алып шықты, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Кезекшілік қызметін атқарып жүрген Рамазан 102 операторынан «М.Әуезов көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінде өрт болып жатыр» деген хабарлама алып, дереу оқиға орнына барды. Сол жерде Рамазан пәтердің ішінде бір айлық баласымен бірге әйел кісінің қалып қойғанын естіді.
Тәуекелге бел буған полицей өзіне де қауіп төніп тұрғанына қарамастан көк түтінге оранған пәтерден ана мен баласын алып шыққан. Осындай ержүректігінің арқасында ол екі адамның өмірін сақтап қалды. Құтқарылған адамдарды жедел жәрдем қызметіне аман-есен табыстады.
«Мен бұл әрекетімді ерлік деп санамаймын. Өзімнің қызметтік міндетім деп ұғамын. Бастысы - адам өмірін арашалап қалғаным», - дейді Рамазан Алдабергенов.
Рамазан Алдабергенов 2017 жылдан бастап полиция саласында қызмет атқарып келеді.